Жақында ғана самбодан өткен әлем чемпионатында исатайлық қос палуан Еркебұлан Қуанғалиев пен Абылайхан Мейрамбекұлы абыройымызды асырған еді.
Батырларымыздың бапкері, «Барыс» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Асхат Жұмабекұлымен Қызыл үй орта мектебінің оқушылары арасында онлайн кездесу өтті.
Аудан орталығынан шалғай жатқан ауыл балалары үшін бұл ерекше сұхбат болды. Белгіленген уақыттағы кездесу мектеп директоры Қабыл Рамазанұлы мен бапкер Асхат Жұмабекұлы сұхбаты арқылы басталды.
Кездесу барысында ересектер арасында күміс жүлдегер Еркебұлан Қуанғалиевпен тікелей байланысудың сәті түспей қалып, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған Абылайхан Мейрамбекұлымен ашық сұхбат жүргізіп, тікелей тілдескендеріне ерекше қуанғандарын жасыра алмады.
Осы кездесуді асыға күткен шәкірттеріміздің сан алуан сұрақтарына жауап беру барысында батырымыздың тек қана спортта ғана емес, адами қасиеттердің де биік тұғырында екенін көрдік, сүйсіндік, тәнті болдық.
Мектеп тарихында болып тұрған ең алғашқы онлайн кездесуді әлем чемпионының сұхбатымен бастаған шәкірттеріміздің болашағынан үлкен үміттер мен жарқын жеңістер күтеміз.
Айкүміс АЖКАНОВА,
Қызылүй негізгі мектебі