Әр азаматтың борышы

сурет ғаламтордан

 

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – кез келген мемлекеттің дамуына тікелей әсер ететін ең күрделі әрі өзекті мәселелердің бірі. Бұл – тек құқықтық немесе экономикалық проблема ғана емес, қоғамның рухани-адамгершілік негіздеріне балта шабатын үлкен әлеуметтік қасірет. Сыбайлас жемқорлық бар жерде әділет әлсірейді, заңға деген сенім жоғалады, ал қарапайым азаматтың мемлекетке деген үміті сөне бастайды.

Өркениетті елдердің барлығы бұл індетпен ымырасыз күрес жүргізетіні бекер емес. Өйткені сыбайлас жемқорлық мемлекетті сырттан емес, іштен ірітіп-жояды. Ол қол жеткізілген жетістіктерді жоққа шығарып, экономикалық дамуға тосқауыл болып, ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан да Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған.

Бұл бағыттағы басты мақсат – сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды дер кезінде анықтау, жолын кесу және ашу арқылы қоғамды тазарту, ал ең бастысы – оның салдарын жою. Заң бұзған тұлғалардың жауапкершіліктен жалтармай, әділ жазаға тартылуы мемлекеттің беріктігін нығайтып, заң үстемдігін қамтамасыз етеді.

Алайда бұл күрес тек мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес. Шынайы нәтиже қоғам түгелдей жұмылғанда ғана көрінеді. Мемлекеттік қызметшілер, лауазымды тұлғалар, қоғамдық ұйымдар мен қарапайым азаматтар бір мақсатта, бір бағытта әрекет еткенде ғана бұл індеттің тамырына балта шабуға болады. Азаматтық қоғамның белсенді ұстанымы – сыбайлас жемқорлықпен күрестегі ең қуатты күш.

Осы орайда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңның маңызы зор. Заңның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңсыз әрекеттердің алдын алу, оларды әшкерелеу және әділ жазалау. Мемлекеттік органдар бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып, пәрменді әрі нақты шаралар қабылдауы тиіс. Соңғы жылдары қабылданған қадамдардың нәтижесі де жоқ емес, бұл – қоғам үшін маңызды сигнал.

Сыбайлас жемқорлыққа жол берген тұлғалардың әрекеттері бұқаралық ақпарат құралдарында ашық көрсетіліп, көпшілікке жария етілуі де үлкен тәрбиелік мәнге ие. Ашықтық пен жариялылық – әділетті қоғам құрудың басты қағидаттарының бірі. Бұл бір жағынан жауапкершілікті күшейтсе, екінші жағынан өзгелерге сабақ болады.

Қорытындылай айтқанда, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту – тек заң талабы емес, әрбір азаматтың ел алдындағы азаматтық борышы. Әділетті, таза, сенімді қоғам құру жолында әрқайсымыздың үнсіз қалмай, өз үлесімізді қосуымыз – бүгінгі күннің басты талабы.


    
Динара СҮЛЕЙМЕНОВА,
аудандық соттың бас маманы, сот отырысының хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT