Соңғы жылдары спортқа бет бұрған жандардың қатары айтарлықтай артты. Таңғы және кешкі уақытта ауыл көшелерінен немесе спорт алаңынан жүгіруге шыққан адамдарды жиі кездестіреміз. Бірі денсаулығын нығайтуды, бірі бой сергітуді, енді бірі өз-өзін жеңуді мақсат тұтады. Әсіресе түрлі жүгіру марафондарына қатысушылар санының көбеюі – қоғамда салауатты өмір салтына деген қызығушылықтың өскенінің айғағы. Бұрын мұндай жарыстарға тек кәсіби спортшылар қатысса, бүгінде оған әр салада еңбек ететін, түрлі жастағы азаматтар өз еркімен қосылып жүр. Өйткені спорт – адамға қуат, сенім және шабыт сыйлайтын өмір мектебі. Дені сау ұлт қалыптастыру, ұлт болашағын жарқын ету ең алдымен әр азаматтың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауынан басталады. Салауатты өмір салтын ұстану – тек физикалық белсенділік емес, ол – өмірге деген көзқарас, рухани және психологиялық тұрақтылықтың негізі. Спортпен айналысу адамға төзімділік, тәртіп, ерік-жігер және мақсатқа жету қасиеттерін дарытады. Ал жүйелі түрде жаттығу жасау ағзаны шынықтырып, өмір сапасын арттырып қана қоймай, бойға сергектік пен өмірге деген құштарлықты ұялатады. Солардың бірі – Аққыстау ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Жайдарман Мұхтарова.
Күн сайын қарбалас қызмет пен жауапты міндеттің арасында да спортқа уақыт табатын ол салауатты өмір салтының шынайы жанашыры деуге болады. Өзінен бастап өзгеге үлгі болып жүрген мемлекеттік қызметші спортты тек хобби емес, өмірдің тәртібі мен ерік-жігердің сынағы деп біледі.

Кейіпкеріміздің жүгіруге деген қызығушылығы 2023 жылы басталған. Ең алдымен таңғы серуенге шығуды ғана жанына серік етіп, сол жылы Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған алғашқы марафонға қатысып, бағын сынап көрген. Сол сәттен бастап спорт өмірінің бір бөлігіне айналғанына қуанады. Ал 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүгіруді тұрақты түрде қолға алған. Қазір ол аптасына алты күн жүгіріп, бір күнін демалысқа арнайды. Орта есеппен аптасына 40-100 шақырымды бағындырады. Көз қуантарлық жайт. Жайдарман Қуанәліқызының бұл әдеті біртіндеп отбасының ортақ қызығушылығына айналған. Оның анасы мен ұлы да түрлі марафондарға қатысып, өз жетістіктерімен қуанта білді. Оның айтуынша, оларды бұл спортқа арнайы шақырмаған. Өздерінің қызығушылық танытуы арқылы қатарларына қосылған. «Әрине отбасыңмен бірге дайындалу – үлкен мотивация береді, бір-бірімізге қолдау көрсетеміз!» дейді кейіпкеріміз.
Жайдарман алғашқы марафонға қатысып, өз мүмкіндігін сынап көргеннен кейін, көптеген жарыстарда бағын сынап, жүлделі орындарға ие болған. Атап айтқанда, 2025 жылы Атырау қаласында өткен «Samal Run» марафонында 5 км қашықтықта 1-орын, Аққыстау ауылындағы «Бірлік» жарысында 3 км қашықтықта 1-орын иеленген. Сондай-ақ Махамбет ауданы Сарайшық ауылындағы «Saraishyk» марафонында 5 км, Атырау қалалық әкімдігі ұйымдастырған «Жастар нашақорлыққа қарсы» марафонында 10 км, «Atyrau Infinity Stadium Race» жарысында 4 км, «Халықаралық есірткіге қарсы күн» марафонында 10 км, ал «Atyrau marathon» сайысында 21 км қашықтықты бағындырған. Ал Жайдарманға қарап қызығушылықтары оянған отбасы мүшелерінің де жетістіктері аз емес. Ұлы Рысбек Атырау қаласындағы «Kids Run» (400 м) және Аққыстау ауылындағы «Нашақорлыққа қарсы» жарысында (3 км) жүгіріп жақсы нәтиже көрсетсе, анасы Зоя Аққыстауда өткен «Нашақорлыққа қарсы» марафонында 3 км және «Atyrau marathon» жарысында 5 км қашықтықты еңсерген.

Жайдарман Мұхтарова жүгіруді бастағанға дейін артық салмақпен күрескенін жасырмайды. Оның өміріне спорт едәуір оң өзгерістер алып келгенін қуанышпен бөліседі.
-Жаттығуды тұрақты түрде бастағаннан кейін артық салмақтан арылып, өзімді сергек сезіне бастадым. Ең бастысы – тұрақтылық пен тәртіпке үйрендім. Спорт маған тек дене шынықтыру ғана емес, ойымды жинақтап, күн тәртібімді дұрыс ұйымдастыруды да үйретті. Бұрын өзімді жиі шаршаңқы, кейде жігерсіз сезінетінмін. Ал қазір таңертең жүгіруге шыққан сәттен-ақ бойыма ерекше күш пен сергектік дариды. Әр жүгіріс мені жаңа белестерге жетелейді. Жүгіру – тек қимыл-қозғалыс емес, бұл өзіңмен өзің тілдесу, ойыңды реттеу уақыты. Көңіліңдегі ауыртпалықтан арылып, жаңа ойлар мен шабытқа толы идеяларды жинақтайсың. Әр жеткен нәтижем маған сенімділік сыйлайды. Алдыма мақсат қойып, соған жетудің ләззатын сезіну – мен үшін ең үлкен мотивация. Спорттың арқасында өз денсаулығыма жауапкершілікпен қарауды, сабыр мен табандылықты да үйрендім. Қазір мен үшін жүгіру – өмірімнің ажырамас бөлігі, өзімді жақсы нұсқада қалыпты ұстаудың ең тиімді жолы,-дейді ол.

Бүгінде ол – аудандық «Isatai Run» жүгіру клубының белсенді мүшесі. Бұл клуб әр аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері бірлескен дайындық жаттығуларын өткізеді. Клуб мүшелерімен бірге жаттығу ерекше қуат беретіндерін жасырмайды. Әркім өз нәтижесін жақсартуға тырысып, ең бастысы – бірін-бірі қолдайтын спорт жанашырлары жиналған. Жайдарман үшін жүгіру – жай ғана спорт емес, бұл өмірлік ұстаным, рух пен ерік-жігерді шыңдаудың айқын жолы. Ол үшін әр таңғы жүгіріс – жаңа күнге деген құлшыныс, ал әр жетістік – маңдай терінің нәтижелі жемісі. Спорт оның өмірінде денсаулықтың кепілі ғана емес, мақсатқа жету мен өз-өзіңді шыңдау болып табылады. Жайдарман бүгінде тек өз өмірін өзгертіп қана қоймай, отбасына да салауатты өмір салтын дарытып, айналасына шабыт пен сергектік ұялата білді. «Бастысы – бастау, ал нәтижеге жету – тұрақтылық пен еңбектің жемісі» деген ұстанымымен кейіпкеріміз көптеген адамға үлгі болып отыр. Мұндай жігерлі, өмірге құштар жандардың көбеюі – қоғамымыздың рухани әрі физикалық тұрғыда мықты болуына қосылған зор үлес. Себебі, дені сау адам – елдің тірегі, ал салауатты ұрпақ – ұлттың жарқын болашағының кепілі.
Еркебұлан УАЛИТХАН
 
                                    
             
     
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						

