Әр үш күн сайын бір адам көмек сұрайды

сурет ғаламтордан

 

Қоғамның ең ауыр, ең жанға бататын шындықтарының бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Ол туралы жиі айтамыз, пікір білдіреміз, бірақ оны бастан кешкендердің жан дауысы көп жағдайда жария болмайды. Тіпті дауыс шыққан күннің өзінде, ол көбіне үйдің қалың қабырғасынан аспай, жұртқа жетпей қалады. Аудандық полиция бөлімінің ресми деректеріне сүйенсек, бұл мәселе жай ғана әлеуметтік статистика емес, талай тағдырдың көз жасы, талай баланың жан жарасы екенін айқын көрсетіп отыр.

Жергілікті полиция қызметінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы, полиция капитаны Динара Төлегенованың айтуынша, биылғы жылдың тоғыз айында аудан бойынша 9 қылмыстық іс тіркелген. Оның сегізі – ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы, яғни «денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бойынша қозғалып, кейін зардап шеккен әйелдерде қылмыс құрамының болмауына байланысты қысқартылған. Бұл – шын мәнінде, біздің қоғам үшін ауыр белгі. Әйелдер әлі де өзіне қол көтерген адамның әрекетін «мас болған еді», «балалар үшін шыдаймын», «отбасымыз бұзылмасын» деп жуып-шайып, құқықтық қорғаудан өз еркімен бас тартады.

Зорлықтың ең сұмдығы – адамның өзіне жасалған қастандықты ақтап алуға мәжбүр болуы. Ал қалған бір іс ҚР ҚК-нің 108-1-бабы бойынша қаралып, құқық бұзушы 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартылған. Бірақ бұл – мұзтаудың ұшар басындай ғана. Жыл басынан бері «102» жүйесіне 121 хабарлама тіркелген. Оның 111-і  бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабы негізінде әкімшілік хаттамалар толтырылған. Бұл сандар – құрғақ статистика емес, әр үш күн сайын бір әйелдің полициядан көмек сұрайтынын білдіреді. Әр үш күн сайын бір үйде айқай, үрей, қорқыныш… Әр үш күн сайын бір баланың балалығы бұлыңғырланады. Тұрмыстық зорлық – үнсіздікпен ушығатын, көрінбейтін күйіктен басталып, шынайы трагедияға айналатын құбылыс. Полицияның дерегі – қылмыстың тіркелген бөлігі ғана. Ал тіркелмей жатқан, «отбасының ішкі мәселесі» деп үнсіз қалған тағдырлар бұдан да көп.

–    Зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында 98 адамға қорғау нұсқамасы берілді. Бұл құжат құқық бұзушыға жәбірленушімен сөйлесуге, қоңырау шалуға, үйіне баруға, ізінен қалмай қорқытуға тыйым салады. Дегенмен, бұны бұзған 6 азамат қайта әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Үш азамат «үздіксіз ішімдікке салынуы отбасы тыныштығын бұзуда» деген негізбен еріксіз емдеу мекемесіне жіберілді. Бұл тұрмыстық зорлықтың ең жиі себебі әлі де ішімдіктің салдары екенін көрсетеді. Аудан көлемінде «Тұрмыс», «Жанұя және бала», «Құқық тәртібі», «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» секілді бірқатар жедел профилактикалық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Сауда орындарында, халық көп шоғырланатын жерлерде ақпараттық брошюралар таратылып, ауыл көшелеріне зорлықтың алдын алу туралы плакаттар ілінді. Мекемелерде «Отбасындағы зорлық» және «Жақсы отбасы – елдің шырайы» тақырыптарында түсіндіру жұмыстары да жүргізіліп жүр,-дейді Д.Болатбекқызы. 

Қоғамдағы жағдайды тек статистикамен ғана бағалай алмаймыз. Қазіргі Қазақстанда әйелге қатысты зорлық-зомбылық мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Әлеуметтік зерттеулер мен құқық қорғау деректері көрсеткендей, отбасындағы жанжалдар, психологиялық қысым, кейде физикалық зорлық ажырасудың негізгі себептерінің бірі болып отыр. Жоғарыда айтылған деректер мен тәжірибелер көрсеткендей, әйелдің қауіпсіздігі тек жеке мәселе емес, тұтас қоғам үшін маңызды. Бір әйелдің үнсіз қалмай арыз берген күні ғана өзгеріс басталады, ал әрқайсымыздың қолдауымыз мен әрекетіміз - зорлықтың алдын алу жолындағы нақты қадам. Отбасындағы зорлық-зобылықпен күрес тек полицияның ғана емес, қоғамның да міндеті. Әйелге қол көтеру қылмыс, ал үндемей қалу - оның жалғасуына жол ашу.

 

Камилла  КАКИМҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT