Елімізде ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізуге байланысты дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Осы орайда ауданда сала өкілдерінің қатысуымен маңызды кездесу ұйымдастырылды. Жиынға Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұржан Құмарғалиев арнайы қатысып, ұлттық санаққа байланысты жан-жақты ақпарат берді.
Ол өз сөзінде ауыл шаруашылығы санағы – елдегі аграрлық сектордың нақты ахуалын саралап, тиімді мемлекеттік саясат жүргізудің негізгі тетігі екенін атап өтті.
– Санақтың басты мақсаты ауыл шаруашылығының нақты жағдайы туралы егжей-тегжейлі ақпарат алу. Бұл осы саладағы әлеуметтік-экономикалық саясатты әзірлеу мен іске асырудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан санақ тек есеп жүргізу үшін ғана емес, ауыл шаруашылығының болашағына бағытталған маңызды құрал. Біз әрбір деректі нақты, сапалы және толық жинау арқылы ауылды дамытуға негіз бола алатын шешімдер қабылдаймыз,-деді департамент басшысы.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жетекшілері, шаруа қожалықтарының басшылары, жеке кәсіпкерлер мен сала мамандары қатысты. Нұрберген Утегенов шараға жиналғандарға алғыс білдіре отырып, ұлттық ауыл шаруашылығы санағының маңызын атап өтті. Ол бұл науқанның әр ауылдық құрылым мен жеке шаруашылық үшін де маңызды екенін, сондықтан да барлық тараптың белсенді атсалысуы қажет екенін жеткізді. Басқосу барысында әдістемелік талаптар, ақпаратты жинау жолдары және санақтың өту тәртібі кеңінен түсіндірілді. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, өзара пікір алмасу өтті.
Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұржан Жолдыбайұлының айтуынша, ұлттық ауыл шаруашылығы санағы қатысушылардың кең ауқымын қамтиды. Барлығы 58 мыңға жуық үй шаруашылығын және 4 мыңнан аса ауыл шаруашылығы өндірушілерін қамту жоспарланған. Қызметі мал шаруашылығымен, өсімдік шаруашылығымен және балық шаруашылығымен байланысты барлық заңды тұлға, соның ішінде ЖШС, шаруа және фермер қожалықтары міндетті түрде санаққа қатысуы керек. Сондай-ақ санақ кезеңінде жеке учаскесі, бақшасы бар немесе төрт түлік, құс ұстайтындардың барлығын қамту жоспарланған.
Аталған шара ауыл шаруашылығы саласының өкілдеріне тың әрі өзекті ақпарат ұсынумен қатар, алдағы санақты сапалы әрі нәтижелі өткізуге бағытталған нақты қадамдарды айқындап берді. Айта кетейік, ауыл шаруашылығы санағы 2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазан аралығында өткізіледі.Санақ екі кезеңде өтеді: 2025 жылғы 1-31 тамыз аралығында интернет желісі арқылы онлайн режимде; 2025 жылғы 20 қыркүйек – 20 қазан аралығында планшет пайдаланып, елді мекендерді аралау арқылы. Қазақстанда осыған дейін ұлттық ауыл шаруашылығы санағы бір рет қана, 2006-2007 жылдары өткізілген.
Еркебұлан УАЛИТХАН