Бүгін Қамысқала ауылдық округі әкімі аппараты мемлекеттік мекемесінің ғимаратында аудан активінің жиналысы өтті.
Салтанатты жиынға ауылдың ардагерлері, мекеме басшылары мен округ активі қатысты.
Жиында Исатай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қабыл Губашов «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 14-бабының 9-тармақшасына, 45-бабына, 46-бабының 3-тармағына және 113-11-бабының 1-тармағына сәйкес, сайланған әкімге Орталық сайлау комиссиясы бекіткен үлгідегі куәлікті табыстады.
Аудан әкімі Нұрым Мусин мен Қабыл Губашов жаңа басшыны ресми түрде таныстырып, оның алдағы қызметіне табыс тілеп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына сәтті қадамдар жасайтынына сенім білдірді.
Сайлау қорытындысына сәйкес, Қамысқала ауылының әкімі болып қайта сайланған Рафиғат Әнуарбекқызы 2025 жылдың 30 қазанынан бастап өз міндетіне ресми түрде кірісті.
Рафиғат Тажиденова 1968 жылы 20 қаңтарда Жанбай ауылында дүниеге келген. Еңбек жолында ауданның түрлі саласында 34 жылдан астам уақыт қызмет атқарып келеді. Ол Аққыстау ауылындағы аудандық ауыл шаруашылық басқармасында, аудан әкімдігінде, коммуналдық-шаруашылық, статистика және кәсіпкерлік бөлімдерінде еңбек еткен.
2021 жылдан бері Қамысқала ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып келген ол биылғы тікелей сайлауда «AMANAT» партиясы Исатай аудандық филиалының атынан ұсынылып, ауыл тұрғындарының қолдауына ие болып, қайтадан халық қалаулысы атанды.
Жиын соңында ауыл тұрғындары мен ардагерлер жаңа әкімге жылы лебіздерін білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Сағыныш Қайыр

