РАМАЗАН – МЕЙІРІМ, КЕШІРІМ ЖӘНЕ МҮМКІНДІКТЕР АЙЫ

1 наурызда, яғни ертең мұсылман әлемі үшін ең қасиетті кезеңдердің бірі – Рамазан айы басталады. Он екі айдың сұлтаны саналатын бұл ай мейірім мен кешірімнің, сабыр мен тақуалықтың, рухани тазарудың берекелі уақыты.

Бұл айда әрбір мұсылман нәпсісін тыйып, өз-өзіне есеп беріп, Аллаға деген құлшылығын арттырады. Бұл – жүректер жұмсарып, мейірім төгілетін, адам баласы өзіне есеп беріп, рухани жаңғыратын ерекше уақыт. Рамазан – тек ашығу немесе ішіп-жеуден тыйылу емес, ол – күнәлардың кешірілетін, сауаптар еселеніп жазылатын, дұғалар қабыл болатын мүмкіндіктер айы.

Ораза – Исламның бес парызының бірі. Ол адамға сабыр мен төзімділікке үйрететін, нәпсі қалауларынан тежейтін, рухани өсуге жол ашатын ғибадат. Қасиетті Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» деп баяндайды. Бұл сөз оразаның артықшылығын және оның Алла алдындағы ерекше мәртебесін көрсетеді.

Бұл айда күндіз ас-судан тыйылу – тәнді тәрбиелеу болса, кешке құлшылық ету – рухты тәрбиелеу. Ораза тек ас ішпеу ғана емес, ол – тіл мен көзді, ой мен жүректі де жамандықтан тыю.

Алла Тағала мұсылман үмбетіне қасиетті етіп берген айлардың бірі – Рамазан айы. Бұл – мейірімділік пен қайырымдылықтың, сабырлық пен кешірімділіктің, рухани тазару мен өз-өзіне есеп берудің айы. Сондай-ақ, бұл ай – мың айдан да қайырлы Қадір түнімен ерекшеленетін берекелі кезең. Осы айда біз ораза ұстау арқылы сабырлылық пен төзімділікті бойымызға сіңіріп, жүрегімізді иман нұрымен нұрландыруға мүмкіндік аламыз.

Рамазан – Құран түскен ай

Рамазан айының қасиетті болуының ең басты себебі – бұл айда қасиетті Құран түскен. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол нұсқаушы және ақ пен қараны айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді»,-деп баяндайды.

Яғни, адам баласына ақиқат пен әділдікті үйрететін қасиетті кітап осы айда түсірілген. Абай атамыз да: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас»,-деп қасиетті Құранның хақтығын айтқан.

Құран – барша мұсылман үшін өмір сүрудің қағидаларын үйрететін, адам баласын жақсылыққа жетелейтін ұлы кітап. Сондықтан, бұл айда мұсылмандар Құран оқуға ерекше мән беріп, оны жүрекпен түсінуге тырысады.

 

Сауап еселенетін ай

Рамазан – Алланың мейірімі түсетін ай. Бұл туралы «Жүніс» сүресінің 57-аятында:«Уа, адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректеріңе шипа, сенушілер үшін тура жол және мейірім түрінде (Құран) келді»,-делінген.

Бұл айда адамдар бір-біріне мейірімділік танытып, жақсылық жасауға ұмтылуы қажет. Хадисте: «Адамдарға мейірімділік танытпағанға, Алла Тағала да мейірім етпейді» (Имам Бұхари, Мүслим) делінген. Сондықтан бұл айда мұқтаж жандарға көмектесу, садақа беру, ауызашар ұйымдастыру, кешірімшіл болу сынды ізгі амалдарға көбірек көңіл бөлген жөн.

 

Түннің берекесі –  Қадір түні

Рамазан айының ең қасиетті түні – Қадір түні. Алла Тағала «Қадір» сүресінде: «Қадір түні мың айдан қайырлы»,-деп айтқан.

Бұл түні Жәбірейіл періште және өзге періштелер жерге түсіп, таң атқанша тыныштық орнайды. Сондықтан, мұсылмандар бұл түнді құлшылықпен өткізіп, Алладан кешірім сұрауға, дұға етуге ерекше мән беруі керек.

 

Игі амалға иек артайық

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Бұл келген Рамазан айы, онда жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді» (Имам Бұхари, Мүслим).Сондықтан бұл айда мұсылмандарға күнәлардан арылып, игі амалдарды көбірек орындауға мүмкіндік беріледі. Рамазан – жаман әдеттерден арылып, өз-өзімізді тәрбиелейтін, жүрегімізді тазартып, Аллаға жақындайтын ерекше уақыт.

 

Ораза – тақуалыққа жетелейтін құлшылық

Ораза – мұсылмандарға парыз етілген негізгі ғибадаттардың бірі. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Тақуалық етулерің үшін» -деп бұйырады.

Ораза – адамның сабырын шыңдап, иманын күшейтетін, нәпсісін тәрбиелейтін құлшылық. Сондай-ақ, ораза адамның рухани және тәндік тазалығын сақтауға септігін тигізеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Рамазанда иманмен және сауабынан үміт етіп, ораза ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі» – деген (Имам Бұхари, Мүслим).

 

Рамазан айында қандай амалдар жасау керек?

Бұл қасиетті айды рухани тұрғыда жоғары деңгейде өткізу үшін мынадай амалдарға ерекше мән берген жөн:

  1. Ораза ұстау – Алланың бұйырған парызы.
  2. Бес уақыт намазды мұқият оқу – мұсылманның негізгі міндеті.
  3. Тарауық намазын оқу – Пайғамбарымыздың бекіткен сүннеті.
  4. Құран оқу және тыңдау – бұл ай Құран айы болғандықтан, оны оқуға ерекше ден қою керек.
  5. Дұға жасау – әрбір ауызашар алдында шын жүректен дұға етіп, Алладан кешірім сұрау.
  6. Садақа беру, қайырымдылық жасау – бұл айда жасалған ізгі амалдардың сауабы еселенеді.
  7. Жаман әдеттерден арылу – ғайбат айтпау, өсек таратпау, сабырлы болу.
  8. Қадір түнін ғибадатпен өткізу – дұға, намаз, зікір ету арқылы бұл түннің берекетін сезіну.

Бұл ай адамға берілген үлкен нығмет, кешірім мен мүмкіндіктердің айы.  Осы айда әрбір мұсылман жүрегін жұмсартып, мейірімді болуға, сабырлы болуға, кешірімділікке ұмтылуы тиіс. Рамазан – өз-өзіңді түзеу, жаманнан арылып, жақсы әдеттерді қалыптастыру, жүрекке иман сәулесін түсіру айы. Рамазан айы – тек ішіп-жеуден тыйылатын уақыт емес, рухани тазару, ізгілікке ұмтылу, мейірімділік таныту кезеңі. Бұл айды құр жіберіп алмай, мүмкіндіктерін толығымен пайдаланып, өзімізді тәрбиелеп, тақуалыққа жетуге ұмтылайық. Алла елімізге амандық, жерімізге береке, халқымызға ынтымақ пен бірлік нәсіп етсін! Рамазан айы мүбәрак болсын!

 

Жеңіс СИСЕНБАЕВ,

Зинеден Құрасұлы мешітінің  бас имамы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT