Қандай да шағын кәсіп болмасын, оның қыр-сырын білу үлкен ізденісті қажет етеді. Кез келген кәсіпті игеру екінің бірінің қолынан келе бермейтіні сондықтан. Сондай-ақ қай істі болмасын бастау үшін де, адамға алдымен ынта-жігер мен тәуекелге бел буу қажет. Сонымен бірге алған біліміне қоса, адамның қарым-қабілеті мен тәжірбиесінің болуы да өте маңызды.
Шыны керек, «кез келген адам кәсіп жасай алады» деген де жаңсақ пікір. Өйткені, әр адамның дүниетанымы, ой-өрісі әр түрлі. Алайда, елімізде «кәсіппен айналысамын» дегендерге мемлекет тарапынан қолдаулар жеткілікті. Тек икемің келетін істі тауып, соны ұршықша иіріп алып кету қажет. «Заманға қарап, бөркіңді ки» демекші, уақыт талабына сай қызмет көрсету мен азық-түлік тауарлары, оның ішінде кондитерлік өнімдерге де сұраныс жоғары. Бүгінгі кейіпкерлеріміз де өз кәсіптерін бастап, тұрғындарға сапалы қызмет пен кондитерлік өнімдерді ұсынып отырған жандар. Мәселен, Х.Ерғалиев ауылының тұрғыны Алмас Ахметқали көлік жөндеу орталығын (КЖО) ашып, автоэлектрик және диагностика қызметін көрсетуде. Өз қаржысына көлік жөндеу орталығын салып, құрал-жабдықтарын қайтарымсыз грант арқылы алған.
–Бұл жұмысты 2016 жылы Атырау қаласынан КЖО жалға алып бастадым. Автоэлектрик және автодиагностика бойынша қызмет көрсетіп, тәжірбие жинадым. Жалпы автокөліктің электр жабдықтарының ақауларын іздеп тауып, жөңдеу жұмыстарын жүргіземін. Кейіннен ауданымызда осындай қызмет түрі тапшы болғасын, «неге осы кәсіпті ауылда жасамасқа?» деген ой келіп, ауылдан өз кәсібімді ашуды жөн көрдім. Қазір «іс бастаймын» деген жандарға мемлекет тарапынан жасалатын мүмкіндіктер өте көп. Менде 2022 жылы қайтарымсыз грант алып, жұмысқа қажетті құрал-жабдықтарды түгелдей алдым. Күн санап, тұтынушылар саны артуда. Тіпті, қалада жасағанда келіп жүрген тұрақты клиенттерім әлі күнге ауылға іздеп келіп, көліктерін көрсетіп жатады,-дейді кәсіпкер.
Алмас Ахметқали алдағы уақытта кәсіпкерлік нысанды кеңейтіп, басқа да қызмет түрлерін қосуды жоспарлап отыр. «Кәсіппен айналысқанның бір пайдасы ешкімге бағынышты болмайсың, еңбегіңе қарай табысың да арта береді»,-дейді ол.
Жалпы ашық дереккөзеріндегі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, адамдардың 70%-дан астамы, тіл үйіретін тәттілерден бас тарта алмайды екен. Қай кезде де тәттіге құмартып тұратынымыз жасырын емес. Сондықтан кондитерлік өнім шығару шағын кәсіп түрі болғанымен, қазіргі таңда үйде пісірілген тәтті тағамдар сұранысқа ие. Тәтті тағамдарды пісірумен қатар, оны безендірудің өзі бір – өнер. Осындай тәтті тағамдарды кәсібіне айналдырып отырған кәсіпкердің бірі – аққыстаулық Нұржанат Жұбандыққызы. Ауданымызда «Адиля тәттілері» брендімен таныла бастаған кондитерлік өнімдер осы Нұржанат Жұбандыққызының қолымен дайындалуда.
-Қыз бала болғандықтан ас үй жұмыстарына қызығушылық кішкентайымнан пайда болды. Ең бірінші тәтті тағамдарды табыс табу үшін емес, отбасыма арнап пісіруден бастадым. Өзіме хобби ретінде айналысатынмын. Содан осылай күнделікті түрлі тәттілер пісіріп, сату идеясы келді. Содан арнаулы курстар оқып, 2017 жылы тіскебасар тәттілер, торттар пісіріп, өз шағын кәсібімді үйден бастадым. Өткен жылы қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, «Інжу» аралас дүкенін жалға алып, өз қызығушылығымды табыс көзіне айналдыра бастадым. Бұрын қыз-келіншектерге тәттілер дайындау жөнінде шеберлік сыныбын өткізетінмін, қазір уақыт тапшы. Алдағы уақытта өзіме де көп іздену керек, торттардың жаңа құрамдарын табу керек және цех ашсам ба деген жоспарым да бар,-дейді кәсіпкер.
Өзін қызықтырған кәсіпті игеріп, сол жолда аянбай еңбек еткен жандар жетістікке жетері сөзсіз. Қазір қол қусырып отыратын заман емес. Қалаған ісіңізді жасап көріп, ұнамаса өзге іске бет бұрып, өзіңізді әр қырыңыздан сынап көруге мүмкіндік мол, бір рет сүріндім деп беріле салуға болмайды. Қазір кәсіп ашып, берекесін көріп жатқандар аз емес, біздің оқырман назарына ұсынып отырған кейіпкерлеріміз де, бойларындағы қабілеттерін – кәсіпке, кәсіптерін – табысқа айналдырып жүрген жандар.
Сағыныш ҚАЙЫР