ӨРЕНДЕРІМІЗ ТҮРКІСТАНДЫ ТАМСАНДЫРДЫ

 

Түркістан – тарих пен мәдениеттің киелі бесігі. Жуырда осы рухани астанада халықаралық деңгейдегі «Zhuldyz Art Kazakhstan» байқауы өтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас дарындар өз өнерін ортаға салды. 

Бұл өнер додасында 100-ден астам топ, 500-ге жуық өнерпаз бақ сынап, сахнаны көркем қимылмен, үйлесімді ырғақпен әрледі. Осындай бәсі биік додада Атырау облысының атынан өнер көрсеткен ауданымыздағы  «Ақжол» өнер мектебінің талантты шәкірттері ерекше көзге түсіп, шынайы шеберліктің үлгісін паш етті. Ауыл балаларының өнер әлеміндегі жетістіктері – олардың талмай ізденісінің, ұстаздарының ерен еңбегінің және өнерге деген шексіз сүйіспеншілігінің дәлелі. Айта кету керек, «Ақжол» өнер мектебі – Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының мемлекеттік шығармашылық тапсырысы аясында ашылған жеке кәсіп. Қысқа уақыт ішінде шәкірттерді би өнеріне баулып, сондай-ақ, домбыра үйірмесіне қатыстырып, республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларға дайындаған бұл мектеп бүгінде аудан мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосып келеді.

Айта кетейік, «Ақжол» өнер мектебінің жас домбырашылар ансамблі де ұлттық өнерді дәріптеп, шеберліктерін танытып, көптің қошеметіне бөленіп, жүлделі бірінші орынды иеленіп, шет елге жолдама алды. Сондай-ақ жеке орындаушы Мадияр Қайраттың орындауындағы қос ішектен төгілткен күй жұртшылықты тебірентіп, екінші орын еншіледі. Осындай өнерлі өрендерді дайындаған жетекші Айтқабыл Латифұлының да еңбегі зор екендігін атап өткеніміз жөн болар. Ал, «Диско свой стиль» биін билеген кіші топ пен «Корейские красавицы» биімен сахнаға шыққан үлкен топ бас жүлдені иеленіп, нағыз өнерлі өрендер екенін дәлелдеді. Бұл жеңіс оларға Түркия, Ташкент, Ыстықкөл және Дубай қалаларына халықаралық байқауларға қатысу үшін тегін жолдама сыйлады. Сонымен қатар Қамысқала ауылынан барған бүлдіршіндер де үздік өнер көрсетіп, «Адай» биімен орта топ және «Әсем домбыра» биімен кіші топ бірінші орынды қанжығасына байлады. Тұщықұдық ауылынан шыққан өнерпаздар да байқауда дараланды. Кіші топ «Стюардесса» биімен, орта топ «Заманауи» және «Салон красоты» билерімен, ал үлкен топ «Латино» биімен жүлделі бірінші орынды иеленді. Байқаудың тағы бір жарқын жұлдызы – «Солистка» биімен мың бұрала билеген Шахназ Есмұрат. Оның ерекше орындаушылық шеберлігі көпшілікті сүйсіндіріп, әділқазылардың жоғары бағасына ие болды. Нәтижесінде, жас талант жүлделі бірінші орынға лайық деп танылды.

 

 

Сонымен қатар би өнеріне баулыған ұстазы Венера Жакудаеваның еңбегі еленіп, Құрмет грамотасын иеленіп және де Ыстамбұл қаласына жазғы демалысқа жолдама еншіледі.

– Түркістан қаласында бізден бөлек Ташкент пен еліміздің әр өңірінен жас дарындар жиналды. «Ақжол» өнер мектебінен Қамысқала мен Тұщықұдық ауылдық округтерінен 109 бала байқауда бақ сынады. Мектебіміздің құрылғанына екі жылға да жетпегеніне қарамастан, балалардың саны жылдан жылға артып, ең бас-тысы, олардың өнер сапасы да жақсарып келеді. Бұл – біздің ең үлкен жетістігіміз, – дейді бізбен қуанышын бөліскен Венера Қуандыққызы.

«Ақжол» өнер мектебі бүгінде ауданның мәдениет саласында ерекше орын алып отыр. Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында ашылған бұл орталық балаларға би өнерін тегін үйретіп қана қоймай, олардың халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысуына мүмкіндік жасап келеді. Тұщықұдық пен Қамысқала ауылдарында ашылған филиалдары да өнерге құштар балалардың шеберлігін шыңдауға зор үлес қосуда.

 

 

Айта кетейік, 100 топтың ішінен «Ақжол» өнер мектебі  «Ең үлкен отбасы» атты үлкен кубок иеленген. Осылайша, жас бишілер мың бұралған биімен және де жас домбырашылар күмбірлеген күйімен әділқазылар алқасы мен қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

 

         Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT