25 қазан Республика күніне орайластырып «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Археология музейі және Сирек кездесетін кітаптар музейінің ұйымдастыруымен «Отырар және Құйрықтөбе қалашықтарының құпия құндылықтары» атты экспозициялық көрмесін ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көрмеде Археология музейі қорындағы Отырар және Құйрықтөбе қалашықтарының жәдігерлері мен фото-суреттері, Орталық ғылыми кітапхана мен Сирек кездесетін кітаптар музейі қорындағы қалашықтар тарихына қатысты кітаптар мен фотоальбомдар ұсынылды.
Атап айтқанда, көрермендер, бұл көрмеден Отырар алқабында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде табылған керамикалық ыдыстар, терракоталар, шыны құтылар қалдықтары, Археология музейі қорындағы өзге де жәдігерлердің фотосуреттері, Отырар мен Құйрықтөбе тарихы мен археологиясына арналған Кемел Ақышев, Карл Байпақов, Лев Ерзакович сынды ғалымдардың еңбектері мен фотоальбомдарды тамашалай алады, – деді көрме ұйымдастырушылары.
Отырар және Құйрық-төбе қалашықтары – ортағасылық, тарихы сыр мен жұмбаққа толы ерекше қалашықтар. «Ғылым ордасы» РМК Алматы қаласы қонақтары мен тұрғындарын ежелгі қалашықтардың сырға толы тарихымен танысуға шақырады. Көрме 2022 жылдың қараша айына дейін жалғасады.
Y