Республикалық би байқауында Бас жүлде иеленді

Балаларды би әлемін түсініп қабылдауда талғампаздыққа тәрбиелеп, эстетикалық сезімталдығын қалыптастыруда,   білімді, мәдениетті болып өсуіне әсер етудегі би өнерінің рөлі, қажеттілігі жайында қоғамдық сананы нығайтуды мақсат еткен хореография үйірмесінің жетекшісі, ізденімпаз да шығармашыл ұстаз Зайнова Қамажай Мұғауқызының да еңбегі ұшан-теңіз.

Ол - баланың ішкі дүниесін байытып, жанын тазартатын құдіретті өнер арқылы сүйіспеншілігін, өмірге құштарлығын, еңбекке, іскерлікке ынтасын арттыруда жеке тұлғаның қалыптасуына би өнерінің әсері ерекше екендігін жұртшылыққа таныта білген, өмірін шығармашылыққа арнаған жан.

Ұстаз ой мен мазмұнды музыкалық-хореографиялық бейне арқылы ашатын сахналық өнерді шебер меңгерген маман ретінде әр шәкіртінің жүрегіне жол тауып, тынымсыз ізденісін түбегейлі нәтижеге ұластырып келеді. Талай мәрте мерекелік концерттерде, салтанатты жиындарда, шығармашылық кештерінде  өнер көрсеткен  шәкірттері  аудан, облыс, республика көлеміндегі байқауларға қатысып, өз шеберліктерін шыңдап, жүлделі орындардан көрінуде. Басқасын айтпағанда, былтырғы қазан айында республикалық «Жас толқын» байқауының жеңімпазы ретінде Москва қаласында өткен халықаралық конкурстың Бас жүлдесін жеңіп алған «Аққайың», «Қамажай» би топтары республика мақтанышына айналып, өркениет көшінің биігін бағындырғаны көпке мәлім. Бұл – ұстаздың уақытпен санаспайтын үздіксіз ізденіс пен шексіз шығармашылық еңбегінің нәтижесі.

Иә, ұстаз еңбегі өзгеге өнеге болғандай. Өткен аптада Атырау қаласында атақты биші Талпақова Гүлжан Ізімқызының  75 жасқа толуына орай ұйымдастырылған республикалық би байқауында да бағы жанды. Елдік сында өнер көрсеткен  шәкірттерінің орындауындағы «Ерке сылқым» биі Бас жүлде иеленді. Ал «Сделаем сельфи» және «Тентек лақтар» билері  І орындарды иеленді. Бұл – шығармашылығы шыңдалған Қамажай Мұғауқызының кәсіби біліктілігі мен би өнерінің білгірі екендігін тағы да мойындатқан, жерлестерінің шынайы мақтанышын туғызған жеңіс. Осы орайда  бала тәрбиесіне, өнерге көңіл қойып, балаларының уақытылы үйірме сабақтарына қатысуын қамтып, шаралар өткізу барысында, әсіресе, түрлі деңгейдегі байқаулар кезінде әркез жан-жақты қолдау көрсететін ата-аналарға алғысымыз шексіз. Сондай-ақ, болашағы жарқын тәрбиеленушілеріміздің өз кәсібінде тәжірибесі мол ұстаз еңбегін ақтап, бағындырар белестері, алатын асулары көп болмағына сеніміміз мол.

 

Ақтолқын ҒИЗАТОВА,

аудандық Оқушылар үйінің директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521