Түркістан облысы, Келес ауданы, Абай ауылында өткен XXII халықаралық турнирде Исатайлық жас былғары қолғап шеберлері үздік нәтиже көрсетті. 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен бұл дүбірлі дода Қазақстан Республикасының спорт шебері, Шымкент қаласының және Сарыағаш ауданының Құрметті азаматы Нұржан Самановтың құрметіне арналды.
Апта бойы жалғасқан турнирге Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Түркістан облыстары мен көршілес Өзбекстаннан келген 200-ден астам боксшы қатысты. Жекпе-жекке шыққан балғындар арасында Исатай аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері де бар.
— Түркістан төрінде өткен жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шәкірттерім үлкен дайындықпен барған болатын. Төрт күн бойы шаршы алаңда ешкімге дес бермей, аудан намысын абыроймен қорғады. Нәтижесінде Мейіржан Серікқали (43 кг) қола жүлдені иеленсе, Нұрбақыт Тілекұлы (46 кг) мен Әлинұр Манарбек (52 кг) күміс жүлдегер атанды, — дейді команданың жаттықтырушысы Асылан Меңдіғалиев.
Айта кету керек, жас спортшылардың бұл жетістігінде жаттықтырушылар Асылан Меңдіғалиевпен қатар, Ернар Темірғали мен Нұржан Тілекқабыловтың еңбегі зор. Олар шәкірттерін күні-түні баптап, жеңіске жету жолында бар білім-білігін аямаған.
Жас былғары қолғап шеберлерінің табысы – болашақта үлкен ареналарда ел намысын қорғайтын спортшылар өсіп келе жатқанын айғақтайды.
Сағыныш ҚАЙЫР