Қамысқала ауылдық мәдениет үйінде «Сағыныш саздары» атты ретро ән кеші өтті. Сағындырған сонау жылдарды әннің құдіретімен еске түсіретін кеш, көзі қарақты көрерменнің көзайымына айналып үлгерді.
Сазды әуен кешіне аудан әкімінің орынбасары Рашид Тасанұлы, аудан әкімі аппаратының басшысы Абзал Байсалбаев, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сейтжан Бегесинов және Атырау облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының басшысы Жәнібек Аманиязов қатысты.
Ән кешінде өнерпаздарымыз 1980 жылдардан бермен қарайғы әсем әндерді шырқап, көрермендер бірер сәт сол кездерге саяхат жасап қайтқандай болды. Алдымен «Жайлаукөл кештері» әнімен сахна шымылдығы ашылды.
Ретро ән кешінде Досым Сүлеевтің «Алматы түні» әнін Ілияс Сейліханұлы, Нұрғиса Тілендиевтің «Куә бол» әнін Динара Қайрошева, Ескендір Хасанғалиевтің «Айналайын» әнін Жадыра Мұхитова нақышына келтіріп шырқады.
Сахнада көрермен ықыласына бөленіп, өнер әлеміне еңбегі сіңген аға-буын, жас толқындарды айта кетсек, олар Жансая Құлманова, Гүлайнаш Ахметқалиқызы, Эльназ Мұхиденова, Талғат Сатыбаев, Зинагүл Мұхтарова, Жәнібек Жөкеев, Гүлза Пауеденова, Ақтолқын Нығметова, Нұрдәулет Ыбырайұлы атты өнерпаздарымыз тамаша өнер көрсетті.
Концертке жиналған өнерсүйер қауымның қарасы қалың, зал лық толы әрі көрермен де дән риза.
Сағыныш ҚАЙЫР