Сейсенбі күні аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі тартысқа толы дода алаңына айналды. Мұнда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған жасөспірімдер мен кіші жасөспірімдер арасындағы бокстан республикалық ашық турнирдің салтанатты ашылуы өтті. Ауқымды спорт додасын аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастыруда.
Турнирге Түркістан, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау облыстарынан және өзіміздің өңірге қарасты жеті ауданнан келген 200-ден астам жас былғары қолғап шебері қатысуда. Жас спортшылар рингте шеберлік танытып, мықтыны анықтауға білек сыбана кіріскен. Ашылу салтанатына аудан әкімі Нұрым Мусин, аудан прокуроры Асылан Тұрғанов, Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаев, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Есқали, спорт мектебінің директоры Бұрхан Оралбеков және өзге де сала өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында алғаш сөз алған аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы жарысқа қатысушыларға сәттілік тілей келе, аудан спортының жетістіктерін атап өтті.
– Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған маңызды шаралардың бірі – осы республикалық бокс турнирі. Қазір ауданымызда спорт қарқынды дамып келеді. Жастардың спортқа деген қызығушылығы артып, үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Сол жетістіктердің бірі – бокстан аудан тарихындағы алғашқы спорт шебері атанған Алмас Хинекин. Бұл – өскелең ұрпақ үшін үлкен үлгі, жігер беретін жетістік. Бұл – жаттықтырушылардың тынымсыз еңбегінің жемісі, – деді аудан басшысы.
Сөз соңында Нұрым Бекежанұлы Алмас Хинекинге арнайы Алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады. Ал спорт мектебінің директоры Бұрхан Оралбеков спорт шеберіне спорттық киім тарту етті.
Ашылу рәсімімен қатар алғашқы жекпе-жектер де өтті. Ринг төрінде нағыз тартысты сәттер орын алды. Жас ерекшеліктеріне қарамастан, қатысушылар барын салып, шеберліктерін паш етті. Бұл сайыста тек күш пен қайсарлық қана емес, ептілік пен тактикалық ойлау да шешуші рөл атқарады. Турнир барысында Түркістан облысынан келген білікті бапкер Қыдыржан Рахманбековпен тілдесудің сәті түсті.
– Исатай ауданына алғаш келуіміз. Бұл жарысқа Түркістаннан он шәкіртімді үмітпен ертіп келдім. Мақсатымыз – тек жеңіс емес, тәжірибе жинап, жаңа достар табу. Исатай жұрты бізді өте жылы қабылдады. Жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді ол.
Айта кетейік, республикалық деңгейдегі бұл турнир дүйсенбі күні басталған болатын. Жұма күні ақтық кезеңмен түйінделіп, үздіктер анықталып, марапатталады.
Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ
Суреттер автордікі