"ӨРКЕНДЕ" ФЕЛЬДШЕРЛІК-АКУШЕРЛІК ПУНКТ АШЫЛДЫ

Исатай ауданы Аққыстау ауылына қарасты Өркен елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Жаңа нысанның құрылысы өткен жылы басталған еді, жақында аяқталып, пайдалануға берілді.

Аудан орталығында орналасқан елді мекенде қазіргі уақытта 700-800-дей адам тұрады. Мұндағы ауыл тұрғындарына дәл осындай медициналық нысан ауадай қажет еді. Көпшіліктің көкейінде көптен жүрген мәселе оң шешімін тауып, баршаны қуантты. Медициналық пунктте дәрігерге дейінгі қарау кабинеті, егу, таңу бөлмелері, медициналық қызметкерлерге арналған, акушерлік кабинеттер жұмыс істейді.

Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Нұрым Мусин, ауданның Құрметті азаматы, білікті дәрігер Күлаш Нұрманова, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Алмагүл Абилова қатысып, елді мекен тұрғындарына құтты болсын айтты. Жаңа нысанның қызыл кермесін Аққыстау бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Қожантай Сыдиқов пен ардагер дәрігер Сәуле Қайреденова қиды. Ақжаулықты әжелер шашу шашып, игі тілектерін білдіріп, батасын берді. 

ФАП құрылысы "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасының аясында атқарылды. Осы жоба негізінде Исатай ауданында 2025 жылға дейін ашылады деп жоспарланған медициналық нысандар кезегімен ел игілігіне беріліп жатыр. Соңында елді мекен тұрғындары жаңа нысанның ішін аралап, көріп, ризашылықтарын білдіріп жатты.

 

  Аяпберген Салихов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT