Өркендеу өзегі–экономика әлеуетінде

 

Бүгінгі жаһандану дәуірінде мемлекеттің қуаты оның экономикалық әлеуетімен өлшенеді. Экономикасы мықты ел – еңсесі биік, ертеңі нық мемлекет. Сондықтан Қазақстан үшін әртараптандырылған, теңгерімді және өңірлік мүмкіндіктерді толық пайдалануға негізделген экономика қалыптастыру – стратегиялық басымдық. Өйткені экономикалық өсім тек ірі мегаполистерде емес, ауыл мен аудан өмірінде де көрініс табуы қажет. Бұл – әділ экономика қағидасының басты шарты әрі халық тұрмысын жақсартудың тікелей жолы. Осы тұрғыдан алғанда, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мемлекет саясатының маңызды бөлігі болып саналады. Исатай өңірі бүгінде өндірісі мен ауыл шаруашылығын қатар дамытып, инвестиция тарту мен жаңа жобаларды жүзеге асыру жолында еңбек етіп келеді. Осындай жүйелі жұмыстар мен нақты жетістіктер жөнінде аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Сапаева Алтынзер Орынғалиқызымен сұхбаттасқан едік.


    
–    Алтынзер Орынғалиқызы, алдымен аудан экономикасының қазіргі жағдайына тоқталсаңыз. Қай салалар алдыңғы қатарда тұр,ал  қайсысы қолдауды қажет етеді?

–    Өңірдің экономикасы соңғы жылдары тұрақтылық пен өсім қарқынын сақтап келеді. Табиғи байлыққа негізделген мұнай-газ саласы аудан экономикасының тірегіне айналса, агроөнеркәсіп кешені мен кәсіпкерлік халықтың әл-ауқатын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға үлес қосып отыр. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру,  шағын және орта бизнесті жандандыру, тұрғын үй құрылысын кеңейту мен инфрақұрылымды жаңарту – ауданның басты басымдықтарының бірі. Соңғы жылдары елді мекендерде жолдар жөнделіп, жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеріп, инженерлік-коммуникациялық жүйелер жаңғыртылуда. Бұл – жергілікті халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты нәтижелердің көрінісі.Аудан экономикасының негізгі бөлігін мұнай-газ өндіру және агроөнеркәсіп кешені құрайды. Бұл бағыттар өңірдің жалпы ішкі өніміндегі ең ірі үлесті иеленіп отыр. 2025 жылдың қаңтар - тамыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталсақ, өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 94,4 млрд теңге болып, нақты көлем индексі 98,3 пайызды құрады. Тау-кен өндіру және карьерлерді қазу саласында 86,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 96,9 % пайызды құрады. Ал өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемі бойынша айтарлықтай өсім байқалады. Бұл салада 2,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 5 есеге артты. Ауыл шаруашылығы саласында да оң серпін бар. 2025 жылдың 8 айында ауыл     шаруашылығының жалпы өнім көлемі 7,6 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 109,8 пайызды көрсетті. Аудан бойынша 4 226 тонна ет (122,2%), 1 915 тонна сүт (101,1%) және 123,2 мың дана жұмыртқа (104,3%) өндірілді. Мал басы да тұрақты өсімде: ірі қара – 33 020 бас, қой мен ешкі – 45 934 , жылқы – 27 774 , түйе 10 834 басқа жетті.

 

Жалғасы газеттің №40 (4253) санында

 

Сұхбаттасқан: Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT