Ұлыстың ұлы күні Әз-наурызды Аққыстау ауылына қарасты Өркен мөлтек ауылының тұрғындары ақшаңқан киіз үйлер тігіп, алтыбақан орнатып, ұлттық тағамдар әзірледі. Киімдерін қазақы нақыштағы ұлттық киімге ауыстырған өркендіктер тойдың сәнін кіргізді.
Әрі Өркен ауылының тұрғындары болып, ұйымшылдық танытып,жаңа-жылды жаңаша тойлады. Қалықтаған әсем әндер мен әдемі би мерекені одан әрі қыздыра түсті. Жиылған жұрт бауырсақ, наурыз көже мен қазы-қартадан дәм татып, мейрамның тарихы мен мән-мағынасынан сыр шертетін ұлттық дәстүр бесікке салу, құрсақ шашу, тұсау кесу сияқты рәсімдер насихатталды. Көше бойынша бөлініп, берілген тапсырмаларды қалтқысыз орындаған тұрғындар үлкендердің ыстық ықыласына бөленді.
Спортқа жаны құмар өркендіктер кір тасын көтеру, қол күресі, ләңгі тебу мен арқан тартыстан бақтарын сынады.
Алаңда ұлттық спорт ойындардан жарыстар өткізіліп, үздік деп танылғандарға жүлде мен арнайы сый-сияпат үлестірілді.
Осы мерекелік думанды дәстүр жаңғырған күн деуге болады. Наурыз тойы өте қызықты әрі көңілді өтті.Сондай-ақ, тойымыз кешкісін ауызашармен жалғасын тапты.
Іс-шара соңында ауыл ардагерлері елдің тыныштығы мен ауызбіршілігін тілеп, бата берді. Айта кету керек, биылдан бастап жаңа үлгіде атап өтілетін Наурыз мерекесі 10 күнге жуық тойланды. Соның ішінде, Өркен тұрғындарының бірлігі мықты, іргесі құтты мекен екендігін тағы бір дәлелдей түсті.