«Ұрпаққа ұласқан бір ғасыр» кітабы оқырманға жол тартты

 

Әр ғасырда ел есінде мәңгілікке жатталып қалатын тұлғалар болады. Олар туған жердің рухани байлығын еселейді, елдің еңсесін көтереді, ұрпаққа өнеге, ізбасарға бағдар қалдырады. Осындай есімдердің бірі – мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, текті әулеттің тұғырлы тірегі болған Мақсот Хисамеденұлы Ідірісов.

 

 

Өмірін ел игілігіне арнаған ардақты жанның ғибратты жолы бүгінде тарих беттерінде ғана емес, халық жадында да сақталып келеді. Биыл ардақты азаматтың туғанына 100 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтойға орай Мақсот атаның өнегелі ғұмырын ұрпаққа паш етер «Ұрпаққа ұласқан бір ғасыр» атты ғұмырбаяндық кітап жарық көріп, оқырманға жол тартты.

 

 

Бүгін аудандық «Жалын» мәдениет үйінде сол кітаптың тұсауы кесіліп, көпшілікпен қауышты. Атаның елге, туған жерге жасаған өлшеусіз еңбегін арқау еткен еңбектің құрастырушысы – немересі Алмас Идрисов болса, әдеби редакциясын ақын, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР Ақпарат саласының үздігі Гүлзада Ниетқалиева атқарған.

 

 

Бүгінгі басқосудың мәні терең, мақсаты айқын еді. Ол – бір әулеттің ғана емес, барша ауыл-аймақтың абыройын асқақтатқан, ел үшін еңбегі ерен Мақсот атамызға деген шынайы құрметтің көрінісі. Ғасыр ғұмыр иесінің өнегелі өмір жолын еске алып, атамыз туралы ой өрбітіп, жаңа шыққан кітаптың мазмұнымен танысу – жиынның негізгі өзегі болып, оны аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырды.

 

 

Алғашқы сөзді алған Мақсот атамыздың үлкен ұлы Самат Мақсотұлы әке аманатына адалдық пен перзенттік парыздың қандай болатынын жүрекжарды естелігі арқылы өрнектеді. Ол өз әкесі жайлы тебірене отырып, тек отбасы үшін ғана емес, тұтас ел үшін еңбегі мен ізгі қасиетімен үлгі болған азамат екенін ерекше атап өтті.

 

 

«Ауылына қарап азаматын таны» дейді дана халқымыз. Мақсот атамыздың еңбекпен өрілген ғұмырын өткізген қасиетті мекен – Жанбай ауылы. Талай саңлақ түлеп ұшқан осы құтты қоныс ел тарихына өнегелі істерімен енген тұлғаны түлетіп шығарды. Осындай игі істерді жалғап, елдік сөз айтқан тұлғалардың бірі – атамыздың жиені, Атырау облысының және Исатай ауданының «Құрметті азаматы» Жайдарбек Зәйдоллаұлы болды.

Сахна төріне көтерілген ол:

– Әулеттің ғана емес, бүтін бір өңірдің мерейін үстем еткен Мақсот ағаның ғұмыры – кейінгі ұрпаққа үлгі. Ел деп соққан жүрек пен адал еңбектің шынайы бейнесін ол кісі өмірімен дәлелдеп кетті, – деп ағалық сырын ақтарды.

 


Көпшілік күткен сәт те келді. «Ұрпаққа ұласқан бір ғасыр» атты кітаптың тұсауы кесілді. Қызыл лентаны Мақсот атамыздың үлкен ұлы Самат Мақсотұлы мен ел ағасы Жайдарбек Зайдуллин қиды. Осылайша атаның өнегелі ғұмырын арқаулаған тағылымды еңбек ресми түрде оқырманға жол тартты. Аталған кітап аудандық орталықтандырылған кітапханаға және Жанбай ауылдық кітапханасына салтанатты түрде табысталды.

 

 

Содан соң аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Мұратұлы сөз алып, атамыздың елге сіңірген еңбегін айрықша атап өтті. Ізгі лебізін білдіре отырып, ұрпақтарына аудан әкімдігінің атынан алғыс хат табыстап, құрмет көрсетті.

 

 

Келесі сөз кезегі – осы еңбектің жарыққа шығуына ұйытқы болып, әдеби редакциясын атқарған ақын, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР Ақпарат саласының үздігі Гүлзада Ниетқалиева ханымға берілді.

– Бұл кітапты өңдеп жазу оңайға түскен жоқ. Әр жолын көзімізге жас алып отырып парақтадық. Өйткені мұнда тек бір адамның емес, тұтас бір дәуірдің, еңбек пен ерліктің тарихы жатыр. Биыл Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» да осы еңбектің мазмұнымен үндесіп тұр. Шын мәнінде, еңбек адамдарын ұлықтау – ұрпаққа тағылым, ұлтқа өнеге. Сондай-ақ биыл Ұлы Отан соғысының басталғанына 80 жыл толып отыр. Осы екі үлкен тағдырлы оқиға Мақсот атамыздың ғұмырнамасымен табиғи түрде сабақтасып жатыр, – деді ол.

 

 

Гүлзада ханым сөзінің соңында кітаптың құрастырушысы, немересі Алмас Идрисовтың еңбегін ерекше атап өтті.

– «Бала болса осындай болсын» дегізген Алмастың табандылығы мен ізденісінің арқасында бұл еңбек жаңа заман талабына сай дайындалды. Кітап қазірдің өзінде әлемнің 72 еліне аударылып, цифрлық форматта кез келген жерде, кез келген уақытта оқырманға қолжетімді,- деп ой бөлісті ол.

Іс-шара барысында атаның ауылдасы әрі ұлы Самат Мақсотұлының құрдасы Боранбай Халидуллин де сөз алып, өткен күндерден сыр шертіп, естеліктерімен бөлісті. Одан әрі аудан өнерпаздары ауыл мен әке тақырыбында жүрекке жылы әндер орындап, кештің мәнін аша түсті.

 

 

Тағылымға толы басқосу соңында  кітаптың құрастырушысы, немересі Алмас Идрисов де қорытынды сөз сөйлеп, өз әсерімен бөлісті. Ол атасы алдындағы перзенттік парызын орындағанын айтып, осы еңбек арқылы ұрпаққа аманат қалдыруды мақсат еткенін жеткізді.

 

 

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT