Отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында аудандық «Жалын» мәдениет үйінде аудандық әкелер кеңесінің бастамасымен, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі және мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен «Ұрпағыңмен мың жаса» жобасы аясында «Әке және қоғам: құндылықтар үндестігі» атты аудандық мазмұнды форум өтті.
Жиынға аудан ардагерлері, ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдар, сондай-ақ жас-тар мен мектеп оқушылары қатысты. Басқосудың басты мақсаты – ауданымыздағы үлгілі әкелерді насихаттау.
Сондай-ақ сол шарада арнайы көрме жасақталып, көптің назарын аудартты. Бұл көрмеде қолөнер шеберлерінің туындыларымен бірге, әке мен баланың бірлесіп жасаған бұйымдары қойылған. Бұл еңбектің ғана емес, әке мен бала арасындағы сенім мен сүйіспеншіліктің жемісі. Және де семинарымыздың мазмұнын тереңдетіп, әкенің қоғамдағы және отбасындағы рөлі жалпы отбасы құндылықтары жайында құнды ой-пікірлерімен бөлісетін арнайы спикерлер де шақырылған.
Іс-шара шымылдығы Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінің жанындағы «Аққыстау» халық театрының көркем қойылымымен түрілді. Осылайша «Әке және қоғам: құндылықтар үндестігі» тақырыбы кеңінен талқыланып, отбасы тәрбиесінің қоғамдағы орны жайлы толғақты ойлар ортаға салынды.
Әкелер мен аналар кеңесінің мүшелері жас ұрпаққа өнеге болатын өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтаудың маңызына тоқталды. Жастар үшін тағылымды кездесуде сыйластық, жауапкершілік, ізгілік пен ынтымақ сынды асыл қасиеттердің отбасынан бастау алатыны ерекше аталды. Сонымен бірге қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер қозғалып, жас буынға дұрыс бағыт-бағдар беру жайы сөз болды. Бұл басқосу – үлкендердің өсиеті мен жастардың ой-пікірін тоғыстырған тағылымды алаңға айналды.
Алғашқы болып сөз алған «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының газ дайындау учаскесінің бастығы Мейіржан Қадымов әке мен ұрпақ тақырыбында ой өрбітті.
– Иә, расында әке – асқар тау. Таудың биіктігі алыстаған сайын анық байқалатыны секілді әкенің қадірі де уақыт өткен сайын терең сезіледі. Өзімнің әкемнен алған өнеге жолы мен мінезін шамам келгенше ұрпағыма үлгі етіп келемін. Қазір көпшілік адамның «бір дәрежеге жеттім» деуі көбіне материалдық жағдаймен өлшеніп барады. Бірі – үй алсам дейді, енді бірі – көлік мінсем дейді. Ал шын мәнінде ең басты мақсат – айналаңа пайдалы болып, қоғамға қызмет ету. Ол үшін тәрбие мен білімді қатар алып жүру аса маңызды. Міне осыны әр отбасындағы әкелер балаларының бойына дарытып, үлгі болуы керек. Еркектер ұсақталмай, қай-қай жағынан мықты болған абзал,-деді ол.
Мұнай саласы маманының бұл пікірі залға жиналғандар тарапынан ерекше ықыласпен тыңдалды. Себебі ұрпақ тәрбиесінде әкенің орны қашанда айрықша. Әкенің сөзі – өнеге, ісі үлгі екендігін дәлелдегендей нық сөйледі.
Жалғасы газеттің №36 (4249) санында
Сағыныш ҚАЙЫР