Қамысқала топырағы – қазақтың талай талантын түлеткен қасиетті өңір. Сол ұлы перзенттердің бірі, қазақ поэзиясының асқар шыңы, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өр рухты ақын Хамит Ерғалиевке арналған жаңа ескерткіш ауыл орталығында бой көтерді.
Бұрын Новобогат орта мектебінің ауласында ақынның 100 жылдығына орай қойылған кеуде мүсін бұл жолы абаттандырылып, заманауи үлгіде жаңғыртылып, орталық алаңға көшірілді. Жаңа ордасы жарық шамдарымен көмкеріліп, ауылдың сәніне айналды. Бұл – туған жерінің ұлына деген шексіз құрметтің, өшпес ілтипаттың айғағы.
«Қаламымен ел рухын көтерген, ерлік пен елдік жайлы өршіл жыр жазған тұлғаға тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың парызы» деген ойды жүрекпен сезінген ауыл халқы салтанатты жиынға жиналды.
Ашылу рәсімінде аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрберген Утегенов, Қамысқала округінің әкімі Рафиғат Әнуарбекқызы Тажиденова, ауыл ардагерлері мен тұрғындар сөз сөйлеп, ақын мұрасының мәңгілік мәнін атап өтті.
Салтанатты сәтте ақын рухына тағзым ретінде қойылған ескерткіштің шымылдығы сыпырылып, көпшілікке жаңа кейіпте таныстырылды. Оны Алматыдан арнайы келген ақынның немересі Айдар Ерғалиев пен жергілікті қаламгер, ҚР Журналистер одағының мүшесі Ибаттолла Сәтенов ашты. Бұл сәт – өткен мен бүгінді, ұрпақтар сабақтастығын тоғыстырған тағылымды мезет болды.
Жиын барысында Хамит Ерғалиевтің ұрпақтары да жүрекжарды тілектерін білдіріп, ауыл оқушылары ақынның отты жырларын оқыды. Сол сәтте алаңды өлең әуені тербеп, ақын рухы ел ортасына оралғандай әсер қалдырды.
Ескерткіштің орталық алаңға көшуі – жай ғана мүсіннің орнын ауыстыру емес, бұл – ел жадындағы ұлы ақынның мәңгілік мекенін халқымен бірге белгілеу. Қаламы арқылы ұрпағына рух сыйлаған Хамит Ерғалиевтің бейнесі енді туған жерінің жүрегінде, халықтың алғысы мен махаббатында мәңгі сақталады.