Кеше таңертең аудан орталығы Аққыстау ауылында Е.Есжанұлы көшесіндегі тұрғын үйдің бірінде өрт оқиғасы орын алды. «Қыстың көзі – қырауда» дегендей, өңірде қалың қар жаумаса да, сақылдаған сары аязда баспанасыз қалу кімге де болсын ауыр тиері анық.
Күтпеген оқиғаның куәсі болғандар тосырқап, таңырқап қалғанын жасырмады. Адам шығынының болмауы көңілге жұбаныш болғанымен, біреудің талай жылғы маңдай терімен жиған дүние-мүлкінен, баспанасынан айырылуы оңайға соқпайтыны белгілі.
Осы оқыс жағдайға байланысты оқиға куәгері әрі сол шаңырақтың немересі Айдана Қанатовамен тілдесіп, болған жайды өз аузынан білген едік.
– Бұл үй – біздің өсіп-өнген қарашаңырағымыз. Ата-әжемізден қалған көзіміздің қарашығындай мұра еді. Әрбір кірпішін атам адал еңбегімен қалаған, кейін әкем де жөндеу жұмыстарын жасап, баспананы бүтіндеген болатын. Өрт болған күні жұмыста едім. Сағат 10:48 шамасында осы оқиға туралы хабар жетті. Ести сала, асыға үйге қарай жүгірдім. Сол сәтте үйіміздің әп-сәтте қызыл жалынға оранып, шатырына дейін лапылдап жатқанын көзіммен көрдім. «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» демекші, оқиға орнында топырлаған адам жиналып қалған екен. Сол үйде 5 жасар інімнің барын ескертіп, көмек сұрадым. Бірнеше азамат терезені сындырып, үйдің ішіне кіруге әрекеттенді. Абырой болғанда, інім өрт басталғанын байқап, Аққыстау орта мектебіне қарай жалаңаяқ жүгіріп үлгеріпті. Бұл хабарды естігенде жүрегіміз орнына түсті.Пендешілікпен кейде ашуға булығып, кінәлі адамды іздеп жатамыз. Дегенмен, дәл сол сәтте тезірек жетсек, мүмкін баспанамызды аман сақтап қалар ма едік, кім білсін деген ой да келгені жасырын емес, – деп көзіне жас алды ол.
Исатай аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Ғарипжан Құрмановтың айтуынша, қазіргі уақытта өрттің нақты неден тұтанғаны анықталған жоқ. Дегенмен, электр желісінің тұйықталуы немесе газ плитасының ақаулығы себеп болуы мүмкін деген де болжам бар. Мұндай жағдайлардан сақтану үшін әр азамат қауіпсіздік шараларына жіті мән бергені абзал екенін ескертті.
«Қамданған қапы қалмайды» демекші, басты байлық – адам өмірі екенін әрдайым есте ұстаған жөн.
Сағыныш ҚАЙЫР