РУХАНИ БАЙЛЫҚТЫҢ ШАМЫ СӨНБЕЙДІ

 

23 сәуір – адамзат өркениетінің ең қастерлі қазынасы – кітаптың қадірін ұғындыратын, рухани байлыққа құрмет көрсететін Ұлттық кітап күні. Биыл алғаш рет ресми мереке ретінде аталып өткелі жатқан бұл күн аясында еліміздің түкпір-түкпірінде мазмұнды іс-шаралар өтіп, оқырман мен кітап арасындағы байланысты нығайтуға серпін берді.

Осыған орай, Х.Ерғалиев ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен бір апта бойы «Кітап – рухани азық» тақырыбындағы кітап апталығы өтті. Шаралар легі 16-23 сәуір аралығын қамтыды. Апталық аясында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы негізінде белгілі жазушы, сыншы Тәкен Әлімқұловтың шығармашылығына арналған «Проза шебері – Т.Әлімқұлов» атты әдеби сағат, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, академик, қоғам қайраткері Сәбит Мұқановтың 125 жылдығына арналған «Көркем сөздің көк тіреген асқары» атты библиокеруен өткізілді. Бұл шаралар арқылы оқырмандар ұлт әдебиетінің алтын қорына айналған қаламгерлердің өмірі мен шығармашылығына терең бойлады.

18-сәуір күні өткен «Кітап – алтын қазына» атты «ашық есік» күні де көпшіліктің қызығушылығын оятты. Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектептің 6-сынып оқушылары қатысқан бұл кездесуде кітаптың адам өміріндегі маңызы, ғылым мен білімнің қайнар көзі ретіндегі рөлі кеңінен түсіндірілді. Балалар кітапхана қорымен, өз қызығушылықтарына сай әдебиеттермен танысты. Апталықтың шарықтау шегі – Қамысқала ауылдық мәдениет үйінің өнерпазы З.Мұхтарова орындаған «Кітапхана әнімен» ашылған тағылымды кеш болды. Үш бөлімнен тұратын бұл кеш әр оқушының бойындағы оқуға деген ынтасын арттырып, көркем әдебиетке деген қызығушылығын оятты.

«Мен оқыған кітап» бөлімінде Сергей Гаухар, Фазыл Ақнұр, Өмірбек Бегім өздері оқыған шығармалар туралы тереңнен сыр шертсе, «Менің сүйікті кейіпкерім» бөлімінде оқушылар оқыған кітаптарындағы әсерлі кейіпкерлерді еске алып, олардың бейнесін суретпен жеткізді. Батқаш Әмір, Тоқтарбай Мейіржан, Калимат Шаттан, Набидолла Нұр Ахмет, Русланқызы Анель, Жасұланқызы Жанель, Ғибатолла Меруерт – бұл бөлімнің белсенді қатысушылары атанды. Ал «Кім тапқыр?» сайысында оқушылар кітап туралы мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді құрастырып, тапқырлықтарын көрсетті. Іс-шара соңында балалар көтеріңкі көңіл-күймен, мол рухани әсермен тарасты. Бұл апталық – тек кітапты насихаттау ғана емес, жас ұрпақты рухани байыту мен саналы ойлауға жетелейтін маңызды қадам болды.

Кітап – өткеннің аманаты, болашақтың жолбасшысы. Ол – ақылдың шырағы, парасаттың бастауы. Ұлттық кітап күнін кең көлемде атап өту – кітапқа деген құрметтің, рухани дамуға деген талпыныстың көрінісі. Ендеше, оқырманы бар кітапхананың шамы ешқашан сөнбейді.

 

Айгүл АХАТОВА,

Х.Ерғалиев ауылдық кітапханасының меңгерушісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT