Рухани жаңғыру, ұлттық болмысты сақтап, жас ұрпаққа дұрыс бағыт беру – мектепке дейінгі тәрбие ісінің жауапкершілігінде. Осыған орай, облыс көлеміндегі мектепке дейінгі ұйымдардың мамандары бір арнада бас қосып, тәжірибе мен жаңашыл көзқарасты ортаға салды.
Сәрсенбінің сәтті күнінде аудан орталығындағы Өнер мектебінде «OPEN SPACE» форматы бойынша «Қазіргі заманғы мектепке дейінгі білім беру жағдайында педагогикалық процесті сүйемелдеудің белсенді нысандары мен әдістері» тақырыбында облыстық семинар-практикум ұйымдастырылды. Семинарға облыс пен аудандардан келген педагогтар мен әдіскерлер, шығармашылық топтардан құралған 250-ден астам сала маманы қатысты.
Алдымен келген қонақтар мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымдары тәрбиешілерінің көрмелерін тамашалады. Онда «Балбөбек», «Аққу», «Қарлығаш», «Бәйтерек», «Нұршуақ», «Балдырған», «Құлыншақ», «Айжұлдыз», «Өркен» бөбекжай-бақшаларының тәрбиешілері «Ғарыш әлемі», «Автосервис», «Құрылыс алаңы», «Су асты әлеміне саяхат», «Банкомат», «Тігін әлемі» сынды қызықты оқу орталықтарын ұсынып, мектеп жасына дейінгі балалардың ойын арқылы білім алуына мүмкіндік беретін мазмұнды үлгілермен бөлісті. Сондай-ақ, «Барлық мамандықтар маңызды» жобасы аясында ұйымдастырылған аукцион-талқылау, «Қиял әлемі» және «Гүлдер әлемі» TEDx форматындағы көріністер, «Дүкенші», «Медицина», «Өрт сөндіруші» мамандықтарына арналған сюжеттік-рөлдік ойындар – балалардың кәсіби бағдарын қалыптастыруда тиімді әдістердің бірі ретінде бағаланды.
Басқосудың шымылдығы әсерлі поэтикалық шумақтармен ашылып, залға жиналғандарды бірден баурап алды.Бұл басқосу жай ғана әдістемелік жиын емес, ұлттық тәрбие мен көркем-эстетикалық танымның жаңа тынысын ашқан, баланы тұлға ретінде қалыптастырудың жолдарын тереңінен талқылаған тағылымды алаң болды. Мұнда тәрбие берудің тың тәсілдері мен рухани-адамгершілік бағыттағы ұстанымдар, көркемдік пен мәдениетті сіңіру жолдары кеңінен сөз болды.
Іс-шара барысында кішкентай өнерпаздардың көркем композициялары мен ұлттық тәрбиенің озық үлгісін көрсеткен қойылымдар семинар қатысушыларына ерекше әсер сыйлады. Ауданның «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасынан Камажай Зайнованың жетекшілігімен дайындалған «Мен қазақпын» және «Оюлар сыры» композициялары тәрбиеленушілер мен тәрбиешілердің ұлттық дүниетаным мен мәдениетті сәтті ұштастыра білген еңбегінің жемісі болды. «Ою-өрнек – тек сән емес, рухтың бейнесі» дегенді дәлелдеген бұл көріністер – балалардың би арқылы ұлттық болмысты жеткізе алатынын көрсетті. Әрбір қимылдың астарында тарих, салт пен сана жатты.
Аудандық «Аналар мектебінің» «Жүрегімнің бөлшегі…» атты композициясы – аналар мен балалардың арасындағы шынайы байланысты сахна тілімен өрнектеген ерекше сәт болды. Рухани-адамгершілік тәрбие турасында айтылған сөздер іс жүзінде де, сезімде де көрініс тапты.
2025 жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғаны белгілі. Осы орайда «Ғарыштағы қала» би композициясы арқылы балғындар еңбекке, ғылым мен техникаға деген қызығушылықты өнер тілімен жеткізді.
Ал жас жайдарманшылардың көрінісі мен балалар оркестрінің «Сырлы әуен» попурриі – білім беру ұйымдарындағы шығармашылыққа деген ұмтылыстың, ұжымдық еңбектің жарқын дәлелі болды. «Қарлығаш», «Өркен», «Құлыншақ», «Балдырған» бөбекжай-бақшаларының музыка мамандары дайындаған бұл оркестр тыңдаушылардың ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленді.
Көпшілік көркем-эстетикалық әсерден соң семинардың негізгі бөліміне бет бұрды. Іс-шараның ресми ашылуында аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Сағираш Беркалиева сөз алып, аталмыш жиынның маңыздылығын тілге тиек етті.
-Бүгінгі семинарға қатысушы барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтары, біздің аудан төріне қош келдіңіздер!Бұл семинар барлық аудандарда өтіп, жалғасын тауып келе жатыр. Мұнда ұлттық құндылық пен биылғы Жұмысшы мамандықтар жылына баса назар аударылғаны көрініс табуда,-деген ол барлық қатысушыларға риясыз ризашылығын жеткізіп, сәттілік тіледі.
Одан кейін облыстық білім беру басқармасы әдістемелік орталығының әдіскері Зухра Кереева сөз алып, педагогикалық процестегі заманауи бағыттар, ұлттық тәрбиенің маңызы және белсенді әдіс-тәсілдерді қолданудың тиімділігі туралы ойларымен бөлісті.
-2022 жылы білім беру саласындағы барлық нормативтерге үлкен өзгерістер енгізілді. Сол уақыттан бері біз алғашқы ресурстық орталық ретінде аудан-ауданды аралап, осы жаңа нормативтік құжаттарды түсіндіру бағытында жұмыстар жүргізіп келеміз. Сонымен қатар, пәндік дамытушы ортаны қалай құру керектігі бойынша да мобильді топпен семинарлар ұйымдастырып, жеке және топтық кеңестер өткізіп жүрміз. 2023 жылы «Баршаға қолжетімді сапалы білім» атты ұлттық баяндаманы іске асыру тапсырылды. Біз кішкентай балалармен жұмыс істесек те, осы ауқымды мақсаттардың барлығын өзімізге міндет деп қабылдап, үлкен жауапкершілікпен атқарып келеміз. Өткен жылдан бастап құзыреттілік орталық ретінде бірнеше ауданға барып, әріптестерімізбен тәжірибе бөлістік. Бұл – тек оқыту емес, ортақ даму алаңы болды деп ойлаймын. Биылғы жылы жұмыс жоспарымызға аздап өзгерістер енгізіп, шараларды жаңаша форматта ұйымдастырып отырмыз. Бұл – біздің ортақ ісімізге деген қызығушылықтың, ынтымақтастықтың айғағы. Сондықтан да барша әріптестерімді белсенділік танытып, өз тәжірибелерімен бөлісуге шақырамын, - деген ол әріптестерін белсенділік танытуға шақырды.
Мұғалімдер мобильді топтармен бірге өз тәжірибелерін ортаға салып, нақты жұмыс үлгілерін көрсетті. Семинар аясында педагогтар тәжірибелік көрмелер, шығармашылық жобалар, шебер сыныптар мен TEDx форматтағы баяндамалар арқылы өздерінің жаңашыл идеяларын ортаға салды. Әрмен қарай семинар жұмысы арнайы секциялар бойынша жалғасты. Хореография, бейнелеу өнері, музыка, қазақ тілі, психология, дене шынықтыру бағыттары бойынша өткен шеберлік сабақтары мен пікір алмасулар – педагогикалық процестегі пәнаралық байланысты тереңдетуге жол ашты.
Мәселен, «Қаражорға» ұлттық ойыны мен «Сиббордпен жаттығу» әдістемесі физикалық даму саласында баланың жас ерекшеліктерін ескере отырып қозғалыс белсенділігін арттыруға бағытталған. Ал музыка мамандары «Музыкалық импровизация», «Ұлттық аспаптармен жұмыс» және «Релаксация жаттығулары» арқылы баланың эмоционалды және эстетикалық дамуына ықпал етудің жолдарын ұсынды.
Қазақ тілі секциясында жасанды интеллект құралдарын пайдалану, сторителлинг әдістері, ТРИЗ технологиясы секілді жаңашыл тәсілдер таныстырылды. Психологтар да буллинг, педагог имиджі, бала тілін дамыту сынды өзекті мәселелерді талқылап, заманауи тренингтер мен ойын технологияларын көрсетті.
Семинар – шын мәнінде тәжірибе алаңына, шабыт пен ізденіс ордасына айналды. Бұл туралы біз семинарға қатысушы Қызылқоға аудандық «Нұршуақ» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Бақытжамал Жұмабаеваны әңгіме тартқанда, тілге тиек еткен болатын.
- Былтыр бұл аталмыш шара біздің ауданда өткен болатын.Ал биыл жалғасын тауып, Исатай ауданында өтуде. Бұған дейін де бұл ауданға талай келіп жүрмін. Қашанда құшақ жая қарсы алатын, семинардың әр деталіне аса мән беріп, жақсы дәрежеде ұйымдастыра білген әріптестеріме ризамын, - деді ол өз сөзінде.
Семинар соңында тәуелсіз бақылаушы ретінде сөз алған, әдістемелік орталықтың бастауыш сыныптар бойынша әдіскері Балауса Қоңысбайқызы ұйымдастырушыларға оң бағасын берді.Соның ішінде өз жұмыстарын жаңаша бағытта қорғаған сала мамандарына бек риза болысып, жүрекжарды лебізін білдірді.Әсіресе шығармашылық ізденіс арқылы көрмені ұйымдастырушы әр тәрбиешінің еңбегіне тоқталып, мамандыққа деген шынайы құрметі барын жасырмады.Сондай-ақ, сала мамандары бір-бірінің жұмысына баға беріп, өзара шағын сыйлық алмасып, көтеріңкі көңіл күйде тарқасты.
Семинар соңында белсенділік танытқан педагогтар марапатталып, сахнада мобильді топ мүшелері ән шырқап, шараны рухты нотамен түйіндеді.
«Педагог болу – мамандықтың ең ұлысы» деген жүрекжарды сөздермен түйінделген бұл семинар – білім саласындағы бір күндік шара емес, болашаққа бағытталған рухани әрі әдістемелік бағдар десек, артық айтқандық емес. Ұлт тәрбиесі – ұрпақтың шырағы. Ұстаз – соны жағатын шамшырақ. Ауданда басталған бұл серпін облысқа, елге, ертеңге жалғасары сөзсіз.
Сағыныш ҚАЙЫР
суреттер автордікі