Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық «Жалын» мәдениет үйінде «Рухани құндылықтар және діни сауаттылық: қоғам тұрақтылығының негізі» атты мазмұнды кездесу өтті. Қоғамның рухани тынысын кеңейтіп, тұрғындардың діни сауатын арттыруды мақсат еткен шараға арнайы шақырылған дінтанушы, тарихшы Ернар Абзалұлы қатысып, исатайлықтармен ашық та тағылымды әңгіме өрбітті.

Залға жиналған жұртшылық бүгінгі қоғамда өзекті болып отырған рухани тәрбие, құндылықтар жүйесі және діни тұрақтылық мәселелеріне арналған пікірлерді ерекше ынтамен тыңдады. Ернар Абзалұлы діннің адам болмысын қалыптастырудағы рөліне тоқталып, ұлттық рухани сабақтастықты сақтау, отбасы тәрбиесіндегі жауапкершілік, радикалды ағымдардың алдын алу секілді тегеурінді тақырыптарды тарқата баяндады.

— Қоғамның беріктігі ең әуелі адамның ішкі дүниесінен басталады. Рухани құндылықтан ажырамаған адам – тұрақты қоғамның тірегі, – деп атап өтті спикер өз сөзінде.

Оның әрбір ойы тыңдарманға ой салатындай, жастар мен ересектердің санасына сәуле түсіретіндей мазмұнмен жеткізілді.

Кездесудің ерекшелігі – қатысушылардың тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік берген заманауи форматта өтті. Арнайы ұсынылған QR-код арқылы тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарды жолдап, дінтанушыдан бірден жауап алды. Бұл тәсіл көрермен мен спикер арасындағы сенімге негізделген еркін диалог орнатып, кездесудің тиімділігін арттыра түсті.

Басқосу соңында исатайлықтар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, мұндай мазмұнды басқосулардың қоғам үшін ауадай қажет екенін атап өтті. Тұрғындар алдағы уақытта да рухани бағыттағы кездесулердің жиі өткізіліп, жастардың дүниетанымына оң ықпал етуіне тілектестік білдірді.

Рухани құндылықтарды дәріптеу мен діни сауаттылықты арттыру – тек бүгіннің емес, келешек ұрпақтың қауіпсіздігі мен санасының тазалығы үшін маңызды іс. Исатай ауданында бастау алған бұл мазмұнды шаралар қоғамның тұрақтылығы мен бірлігін нығайтуға қызмет етеді.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ


