Руханиятқа бетбұрыс – терең реформаның тірегі

 

Бүгінгі өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының сөйлеген сөзін оқи отырып, тағы бір мәрте маңызды ақиқатқа көз жеткіздік: елді жаңғырту тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. 

Қоғамның санасы өзгермей, рухани негізі бекімей, кез келген реформа толық нәтиже бермейді. Қасым-Жомарт Тоқаев осы ойды мәдениет пен өнерді мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты ретінде айқындау арқылы нақты жеткізді.

Президент атап өткендей, руханият саласына бұрын-соңды болмаған деңгейде көңіл бөлінбек. Бұл – мәдениетті қосалқы сала емес, ұлттың ішкі тірегіне айналдыруға бағытталған жүйелі қадам. Алматы облысында қазақ драма театрының, Абай мен Ақтөбе облыстарында жаңа театрлардың салынуы, Шымкентте опера және балет театры құрылысының басталуы – соның айқын дәлелі. Мұның бәрі өңірлердің рухани тынысын кеңейтіп, мәдени өмірді тек ірі қалалармен шектемей, ел ішіне терең таратуға жол ашады.

Биыл Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдығы аясында ғимараттың күрделі жөндеуден өтуі – тарихи әділеттің көрінісі. Ғасырлық сахна – қазақ рухының айнасы. Сол сияқты Наталья Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының жаңғыртылуы да өскелең ұрпақтың эстетикалық талғамын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Алдағы екі жылда елімізде жүзден астам мәдениет ошағының жөнделуі – бұл тек ғимараттарды жаңарту емес, рухани кеңістікті жаңғырту. Әсіресе музей ісін дамытуға баса назар аударылуы құптарлық. Қызылордада ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейі – заман талабына сай, мазмұны мен формасы үйлескен мәдени орталықтың үлгісі. Президенттің өзі атап өткендей, бұл тәжірибені өзге өңірлерге тарату – орынды шешім.

Қызылордада жаңа драма театр мен заманауи кітапхана салу жоспары да елдің мәдени болашағына салынған инвестиция іспетті. Театр – ойды тәрбиелесе, кітапхана – сананы байытады. Бұл нысандар аймақтың ғана емес, тұтас елдің рухани келбетін айшықтай түседі.

Ұлттық құрылтайда көтерілген мәдениет пен өнер мәселелері – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға бағытталған нақты істердің бастауы. Бұл бастамалар жүзеге асқанда, реформалардың да қоғам санасында терең орнығары сөзсіз. Руханияты мықты елдің болашағы да берік.


Ақтолқын НИГМЕТОВА,
Қамысқала мәдениет үйінің әдіскері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT