Астана қаласында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған Республикалық «Рухтастар» сыйлығы салтанатты түрде табысталды. Биыл бесінші мәрте өткен бұл іргелі бастама ел дамуына өз үлесін қосып жүрген, қоғамдық ортада белсенділігімен танылған жас көшбасшыларды қолдауға бағытталды.
Салтанатты шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, түрлі салада өзін дәлелдеген белсенді жастар қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы байқауға 18 бен 35 жас аралығындағы жастардан 500-ден астам өтінім түскен. Бұл – жастардың қоғамдық өмірге бейжай қарамай, елдік мүдде жолында белсенді еңбек етіп жүргенінің айқын көрінісі. Жалпы, осы жылдар ішінде 100-ге жуық жас азамат «Рухтастар» сыйлығының иегері атанып, өз еңбегінің лайықты бағасын алды.

Әр марапат – табандылықтың, тынымсыз ізденістің және азаматтық жауапкершіліктің нәтижесі. Бұл сыйлық жастар үшін тек құрмет белгісі ғана емес, елге қызмет етудің нақты үлгісін көрсететін рухани серпін деуге болады.

Шара барысында сөз алған «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек жастардың мемлекет дамуына қосып жүрген үлесіне ерекше тоқталып, «Рухтастар» сыйлығының қоғамдық маңызына назар аударды. Оның айтуынша, ел болашағы – белсенді, білімді әрі жауапкершілігі жоғары жастардың қолында. Ал мұндай марапаттар олардың бастамаларын қолдап, жаңа биіктерге жетелеуге бағытталған.

Айта кетейік, биыл 20 аймақтың ішінен «Белсенді Рухтас» номинациясы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті Улымбетова Сабринаға бұйырды. Сабринаның бұл жетістігі – жастардың қоғамдық өмірге араласуы мен әлеуметтік бастамаларға қосқан үлесінің нақты дәлелі. Оның белсенділігі мен табандылығы өңір жастарына үлгі болып, жаңа бастамаларға жол ашары сөзсіз.

«Рухтастар» сыйлығы – елге қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырған жастардың еңбегін дәріптейтін, олардың жігерін жанитын маңызды алаң. Осындай бастамалар арқылы жас буынның әлеуеті артып, қоғамда оң өзгерістердің іргесі беки түсетіні анық.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ


