Құрылғы жоқ деп, құйғыта береміз бе?

Жол бойында көліктің де, жаяу жүргіншінің де бекітілген қозғалыс ережелері бар. Екі тараптың бірі сол заңдылықты бұзса болды, орны толмас қасірет орын алуы ықтимал. Әсіресе, жаяу адам қозғалысы көп жерлерде автокөлік жүргізушісінің абай болғаны абзал.

Аққыстау ауылының орталығындағы қазіргі такситұрақ маңына тәртіп керек сияқты. Ығы-жығы адам, кептеліске толы көлік. Әлгі жерден асығыс-үсігіс жолға шығып кеткен адам не мәшинені ішкі жолмен келе жатқан көліктің жүргізушісі аңдап үлгермейді. Өйткені, ол да «оттан көйлек» киіп алған.

Жақында кешкі уақыт шамасында аққыстаулық тұрғын Әмина Тастемірова сол жерден өтіп бара жатып, бір көлікке қағылыпты. Жаяу жүргіншілер жолағының үстімен өтпесе де, сол маң ғой, өте шығайын деген оймен жолдың арғы бетіне беттей берген оны ауылға кіріп келе жатқан мәшине байқамай қалғанға ұқсайды. Абырой болғанда, жарақаты жеңіл екен. – Есімін атап неғылайын, көлігімен бір отбасын асырап отырған азамат екен. Әдейілеп қаққан жоқ қой, абайсызда болды. Аудандық полиция бөліміне шағым жасауды қаламадым. Аяғымның аз-мұз ауыратыны болмаса, басқалай дін аманмын, - дейді өзі телефон арқылы хабарласқанымызда.

Осыдан бір ай бұрын шамасында дәл осы жерде тағы бір оқиға болған. Аққыстау ауылының тұрғыны Нәсіп Халидуллина пошта ғимараты жағынан жолдың бергі бетіне өте бере, такситұрақтан шығып келе жатқан жеңіл автокөлікке қағылған. Ол да ауыр жарақат алмаған. «Ауылдың адамдары ғой» деп, арызданбапты да.

Жаяу адам да жол ережесін білуі тиіс. Дегенмен, темір тұлпардың тізгінін ұстаушыға екі есе қырағылық қажет. Жаңағы орында кішкентай бала болғанда не болатын еді?

Осы оқиғаларды естіген соң ауыл ішіндегі жол-көлік жайын, белгіленген межеден тыс жылдамдықты асыра пайдаланатындар туралы ақпарат алмақ болып аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне қоңырау шалдық.

– Әр нәрсенің өз заңдылығы бар. Көлік жүргізуші жылдамдықты асырмауы, ал, жаяу жүргінші жолақтан ғана өтуі тиіс. Ал, сіз айтып отырған оқиғалар бойынша зәбірленушілердің арыздары тіркелген жоқ. Бұндай жағдайларда көбіне-көп тұрғындар бір-бірімен өзара мәмілеге келіп, «жабулы қазанды жабулы күйінде» қалдыра салады. Арыз болмаған соң ешқандай шара қолдана алмаймыз, - дейді аудандық полиция бөлімі әкімшілік тәжірибе тобының инспекторы Бейбітжан Айжарықов.

Жаяу адамды жауынды күні шалшық суға, құрғақ уақытта шаңға көме зу етіп өте шығатын автокөліктердің қазіргі уақытта өз дегендері өздерінде. Өйткені, аудандық жол сақшыларының қолында жылдамдықты өлшейтін құрылғы жоқ екен. Мамандардың айтуынша, құрылғының істен шыққанына екі-үш жылдың жүзі болыпты. Оған жақын арада қол жеткізу де оңай шаруа емес деп отыр мамандар.

Бұл - жол бойындағы қауіпсіздікті қадағалау, желмен жарысатындарға шара алу әзірге мүмкін емес деген сөз. Сонда қалай болғаны? Құрылғы қашан алынады? Ал, оған дейін құрылғы жоқ деп, құйғыта береміз бе?

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521