СӘНІ КЕЛІСКЕН СӘУЛЕТ НЫСАНЫ

Аудан орталығынан жырақтау орналасқан елді мекендердің бірі - Нарын ауылы. 231 түтіні, 1200-ге жуық адам қоныстанған ауылдық округтің орталығы болып саналатын бұл мекенде жүзеге асып жатқан жұмыс баршылық.

Тек соңғы жылдардың өзінде табиғи отынмен толық қамтылып, ауыз су желісі де жеткізілген елді мекенде ауылішілік автокөлік жолдары да салынып, аяқжолдар төселді. «Атырау-Астрахан» халықаралық автокөлік жолынан көз көрінім жерде көсіле түсіп жатқан ауылға көптен бері  айтылып жүрген кірме жол да соңғы жылдары пайдалануға берілген игіліктің бірі.

Енді міне, жақында сол кірме жолдың бойынан, үлкен жолдан ауылға бұрылған тұста кіші сәулет нысаны бой көтере бастаған. Оның құрылысын жүргізуші «Дауыл Продакшн» ЖШС мұны бір апта ішінде жүзеге асырды.

Биіктігі-5 жарым метр, ені 11 метрлік, ұлттық нақышта әдіптелген бұл кіші сәулеттік нысан 30 тамызда, яғни Конституция күні мерекесіне орай салтанатты түрде ашылып, керме лентасын еңбек ардагері Байдолла Такенов пен ауыл әкімі Асқар Абуов қиып, ән мен күй әуелеп, жиналған үлкен-кіші ауылдастар ортақ қуаныштарын бірге бөлісті.

Иә, ауылдың кіреберіс қақпасы десе де болатын мұндай нысандар ауданның барлық ауылдарында бұған дейін де бой көтерген-ді, енді міне, Нарын ауылының да жолаушы атаулыны алдымен қарсылар өз қақпасы бар.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521