Бұл жөнінде Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Жанбай ауылының тұрғындарымен кездесуінде айтты.
-Өңірдегі жылдар бойы халықтың көтеріп келе жатқан мәселесі – Атырау-Астрахан тасжолының құрылысы. Министр келіп қарап кетті, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мамандармен ақылдасып, биыл жылдың соңына дейін 217 шақырым жолдың екі қабаты төселгеннен кейін қолданысқа береміз деп жоспарлағанбыз. Өкінішке орай, қазіргі таңда жоспар орындалмай отыр, енді жылдың соңына дейін 95 шақырым жолды ашуға жұмыстанып жатырмыз, қалған бөлігі келесі жылға қалады,-деді облыс басшысы және жол құрылысының кешігу себептерін айтып өтті. Оның айтуынша, вагон мәселесі қиындық тудырып, инертті материалдарды жеткізуге үлгермеген және битум тапшылығы да әсер еткен. Қазіргі таңда жолдың сапасы маңызды болғандықтан ауа райының қолайсыз мезгілінде, жұмыс тоқтатылып, келесі жылға дайындық жүргізілмек.
Кездесуде Серік Шәпкенов аяқсыз қалған Жанбай ауылының ішкі жолы жөнінде де айтып өтті.
-Жанбай ауылындағы 9 шақырым ауылішілік жолдың да үстіңгі бір қабаты төселмей қалды. Бұл жұмысты мойнына алған мердігер мекеменің басқа да аяқсыз қалдырған жұмыстары бар екен. Егер мердігер жұмыс істемейтін болса, халыққа қиянат жасамасын, қолынан келмейтін болса, жұмысын тапсырып жүре беру керек. Бұған дейін де мердігер жұмысын аяқсыз қалдырған жағдай Аққыстау ауылында болды. Сотқа беру, басқа шешімдер қабылдауға біраз уақыт кетеді, осы уақыт ішінде халық зардап шегеді.
Кездесуде Жанбай ауылының тұрғыны, зейнеткер Аманжан Ибатов ауылдағы дәрігер тапшылығын сөз қылса, жанбайлық тұрғын Назар Хамидуллин Жанбай ауылын жедел жәрдемнің қызмет көрсету аумағына кіргізуді сұрады.