«Сәулесі сөнбеген Сапи ата» елі ардақтысын еске алды

Ауданымызда еңбегімен еліне танылып, еңсе тіктеген ерлердің аты аталса, олардың арасында еңбек ардагері, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі Сапи Ахметжанұлының есімі айтылмай қалмайды.

Забурын топырағында кіндік қаны тамған ол, өзі туған өңірдің гүлденуіне, жан-жақты өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан азамат еді.

Ауданымызда еңбегімен еліне танылып, еңсе тіктеген ерлердің аты аталса, олардың арасында еңбек ардагері, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі Сапи Ахметжанұлының есімі айтылмай қалмайды. Забурын топырағында кіндік қаны тамған ол, өзі туған өңірдің гүлденуіне, жан-жақты өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан азамат еді.

Сапи Ахметжанұлының өмірі мен еңбек жолы жайын сөз қылсақ, аз әңгіме айтылмасы анық. Биыл өмірден озғанына 10 жыл болған асыл азаматты еске алуға арналған «Сәулесі сөнбеген Сапи ата» атты ұрпақтары ұйымдастырған танымдық кеш оның өмір жолынан түсірілген бейнефиліммен басталды. Онда ел ардақтысының халқы үшін төккен тері, ұрпаққа үлгі болған өнегелі өмірі жайында сыр шертілді.

Ел жадындағы ер

- Бүгінгі шараның ерекше маңызы бар деп есептеймін, - деп бастады әңгімесін шараның беташар сөзін алған кеш қонағы, облыс әкімінің орынбасары Сағындық Лұқпанов. – Еңбек майданның нағыз қайнаған шағында жастығын өткерген сол кездегі жігерлі азаматтар үшін ел шаруасына білек түре кірісу үлкен дәреже, зор мәртебе саналды. Сол жолда білім алып, ел болашағы үшін тер төккендердің бірі осы Сапи Ахметжанұлы еді. Сол әкені еске алған осындай тағылымды шарадан ұрпақ зор тәлім алады, өйткені, әр адам өткенге ой жіберу арқылы келешекке бет түзейді, - дейді облыс әкімінің орынбасары.

Шараға Мәскеу, Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Атырау қалаларынан қонақтар қатысты. Олардың арасынан Жылой ауданы мен Маңғыстау облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының «Барыс», «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, белгілі меценат Төкен қажы Танайұлы, әулет құдасы, Қазақстан Журналистар Одағының мүшесі, маңғыстаулық Әзірбайжан Қонарбаев, Исатай ауданының Құрметті азаматы Жұмажан Қадимовтар жүрекжарды тілектерін білдірді.

Өмірден өзі өтсе де, өнегесі ұрпағына мұра болған ел ардақтысын қатарлас     достары да әңгімеге арқау етіп, Сапекең хақында ескірмес естеліктерімен бөлісті. Солардың бірі ауданның Құрметті азаматы Сүндет Дауылбайұлы ауылдас, қызметтес болған досын былай деп еске алады: «Екеуміз ауылдас едік. Алматы малдәрігерлік институтында да бірге оқыдық. Оқуды бітірген соң Сапиға осында қал, ұстаздық ет» деген ұсыныстар да түсті. Бірақ ол ауылдағы ата-анасын, әулетін ойлап, келісімін бермеді» дейді ол. Осында қызметке келгенде Сәкеңнен басқа ешкімді білмейтін жас маман сол үйде жатып қызмет атқарыпты. – Содан бастап Сәкең екеуіміз ұзақ жыл қызметтес жолдас болдық. Өміріміздің 34 жылын бірге өткізіп, дос әрі ағайын-туыстай болып кеттік, - деп өткенді сағынышпен еске алды ардагер.

Қаламгерлік бір қыры еді

Сапи Ахметжанұлының тұңғышы Мейрам Ахметжанов 1992 жылы өзінің отбасымен бірге еліміздегі бір топ белгілі мұнайшылардың қатарында АҚШ-тың Бостон қаласындағы Массасучетс университеті жанындағы бизнес курста оқиды. Осыған байланысты мұхиттың арғы жағында бірнеше жыл тұрып, біліктілігін арттырған ұлы 1996 жылы Америкаға әкесі Сапи атаны шақырып қонақ етеді.

Осы елдің тарихи орындарын, белгілі қалаларын аралаған қарт сондағы екі-үш қазақ шаңырағына соға кеткен екен. Олармен сұхбаттасып, сырласып, жағдайларына қаныққан жүрегі кең азамат тағдырдың жазуымен елден жырақ қалған қандастарымен болған жүздесуден алған әсерін өлең қылып өріпті:

Бостонда мен қазақтарға жолықтым,

Жүрген екен жанарлары солып тым.

Жағдайы бар, Отаны жоқ міскіндер,

Мен соларды көрген шақта «қорықтым».

Қорыққаным, қазақты айтып жылайды,

Елдің жайын оқтын-оқтын сұрайды.

Соғыстан соң кеткен екен жер ауып,

«Тұтқын болып кеттік қой» деп мұңайды.

Иә, Сапекеңнің көп ерекшеліктерінің бірі қаламгерлік қыры-тұғын. Тіпті оның бір кездері газетіміздің штаттан тыс тілшісі болғаны да көптің есінде шығар. Шабыты келгенде кестелі жырды да қағаз бетіне қондыра салатын ол жазғандарын жарыққа шығарып не болмаса біреуге көрсетуге аса құлықты болмаған көрінеді. Әріптес ағаларымыздың айтуынша, қойын дәптеріне түртіп қойған жырларын көрсеткісі келмейтін Сапекең өлеңдерін сұрағандарға: «Қойыңдар, Нұралылардан ұят болады» деп қалжыңдап құтылады екен. Бұл да оның қарапайымдылығының бір көрінісі десе болатындай.

Ұрпақтары үлгілі іс қылды

Сапи Ахметжанұлының жары Қазиба Ахтанқызы бүгінде 90-жастың төріне көтерілген ана. Тағылымды шара барысында ұрпақтар ардақты ананы мерейлі жасымен құттықтап, гүл шоқтарын ұсынды.

Осы қос мерекеге орай, Алматы қаласы «Атамекен» баспасынан «Әке» және «Анашым» мерейтойлық жорналдары жарық көрген болатын. Онда әке мен ананың өнегелі өмірі мен олар жайлы үзеңгілестерінің үзік сырлары, көзкөрген аудан азаматтарының ой-толғамдары хатталыпты. Жиында қос жорнал да көпшілікке үлестірілді.

Әке аманатын арқалаушы, әулеттің үлкені, КСРО-ға еңбегі сіңген мұнайшы, Мейрам Сапиұлы ел ақсақалдары, әкенің құрдасы Есполай Қуатов пен досы Сүндет Дауылбаевқа және Қазиба ананың сырлас құрбысы Әмина Ерғалиеваға шапан мен камзол жауып, гүл шоқтарын табыстады.

Алласын ұмытпаған Ахметжановтар әулеті ораза айтқа тұспа-тұс келген әкені еске алу шарасында жеті ауылдық округтің бір топ мүмкіндігі шектеулі балаларына мерекелік сый ретінде планшеттер мен гүл, сондай-ақ бір мүгедек арбасын ұсынды. Көңілдері қаяулы балалардың жүзіне бір сәт қуаныш сыйлаған «ГЕОЭНЕРДЖИгрупп» ЖШС Ақтау филиалы директоры Мағпур Сапиұлы оларға жылы лебізін де арнады. Артынша, филармония әншісі Байтанат Әділбектің орындауындағы тағдыр тәлкегіне ұшыраған жас сәби образында жазылған «Айтып бер» әні көптің көңілін толқытты.

Тірек-қозғалыс аппараттары зақымданса да, қиындыққа мойымай, күресе білген, қол күресінен ел чемпионы атанып, биылғы жылы Шучинск қаласында өткен XVII Азия чемпионатының күміс жүлдесін қанжығалаған тұщықұдықтық ағалы-қарындасты Сұпығалиевтардың аты құрметпен аталып, сахна төріне шақырылды. Қос чемпион Медет пен Гүлденге Маңғыстау облысы «ЭКООЙЛСЕРВИС» ЖШС директоры Манарбек Сапиұлы кір жуатын машина мен түрлі-түсті теледидар сыйлады.

Бұған дейін де талай ірі додаларда ел намысын арқалап, байрақты бәсекелерде атой салған палуан қызымыз, басқасын айтпағанда, жақында ғана Монғолия мемлекетінің Улан-Батор қаласында өткен самбо күресінен жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған Айымгүл Махуоваға да Сапи ата ұрпақтарының құрмет білдіруі спортшыларымызға деген жанашырлықты байқатты. Мәрттік танытқан «Санасинтер» ЖШС директоры Мереке Сапиұлы палуан аруымызға «Айфон-Х» бағалы ұялы телефонын тарту етті.

Биылғы жылы ауданымыздағы 10 орта мектептен 11 жас түлек «Алтын» белгіге» үміткер болса, 2 жас мектепті «Үздік аттестатпен» аяқтап отырғанын айта кетейік. Жақында ғана Атырау қаласында өткізілген «Жас түлек-2018» мерекелік шарасында облыс әкімі Н.Ноғаевтың қолынан марапат иеленген аудан мақтаныштарына Бима, Дина, Жаңылсын, Күнзипа Сапиқыздары 50 мың теңгеден ақшалай сыйлық пен гүл шоқтарын ұсынды.

Төріне ырыс қонып, бақ тұрақтаған текті әулет ұрпақтарының еліне елеулі әке есімін тағы бір жаңғыртуы, рухына дұға қылып, ас беруі, ауыл үлкендерін ардақтап, әлсіз топтардың қолтығынан демеумен қатар болашағынан көп үміт күттіретін жастардың да көңіліне шаттық сыйлауындағы мақсат елін қадірлеген, халқы құрметтеген Сапи атаның атын кейінгі толқынның санасына сіңіру еді. Бұл да ұрпақтарының ұяда көрген үлгісінен деуге әбден болады. Кештің аты айтып тұрғандай әке сәулесінің сөнбегені осы да.

Серікбол Панабердиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521