Сағынышым менің

Ару Алматыда тұрып, батыстағы алтын бесік туған жерді аңсап жүру менің пешенеме жазылған-ау, сірә!

Ауылдағылардың көбі «әсем Алатаудың баурайында жүріп, дауылы бұрқыраған, батпақты ауылды қайтесің?» дейді кейде. Мен олай айтпақ түгілі, ойлай да алмас едім. Өйткені, мені өмірге әкеліп, өсіріп, асқақ арманға қанат қақтырған осы қасиетті мекен ғой!

Ұядағы алған тәліммен қиядағы сынақтан да сүрінбей өтіп жүргенім осы туған жерім берген тәрбиеден. Осы қыста, ойламаған жерден, балаларым туған күніме ауылға ұшаққа билет әперіп, тосынсый жасаған. Қуанышым қойныма сыймай, жыл құсындай ауылыма ұша жөнелгенмін. Алматыда осыған дейін тарыдай шашылып кеткен құрбыларды іздестіріп, жинақтап жүрдім... Атырауға келіп түскенімде, мектеп бітіріп, туған жер төсінде қалып, еңбек майданында бірге болған құрбыларым тамаша кездесу ұйымдастырып қойыпты. Бәрі керемет болды. Бір қиналғаным, Атыраудың ішін онша білмеймін.Таксиді де дұрыс тоқтатпағанымды жүргізушілер айтып жатты. Мен өзімнің осы өңірдің тумасы болғаныммен, алматылық екенімді айтып ақталудамын. Оңай ма, отыз жыл өзге арнада өмір сүріп, өз өлкеңнің тірлігіне бірден сіңіп кету.

"Дина" базарынан Х.Ерғалиев ауылының таксиіне бар» деп мұқият ескерткен достарым басқаға емес, Серікболат құрдасқа отыр деген соң, әлгі жерде сол құрдасымды іздеп жүрмін. - Мен Серікболат,- деген жігіт ағасына қарап, аңтарылып тұрмын. 36 жылда көріп тұрғаным осы. Өзгерген. Бірақ мінезінің бірқалыптылығы, байсалдылығы сол күйі. Мектепте көп сөйлемейтін Серікболатым қатарларымыздан кімнің қайда екендігін білгенінше айтып, сайрап келеді. Сөйтіп, жол қысқарды, ауылға тез жеттік. Бір байқағаным - тіршіліктің белгісі саңырауқұлақтай қаптаған үй салу. Дұрыс та шығар. Мұнайлы өлке, табыс бар. «Тек материалды құндылықтарын рухани құндылықтарымен тепе-тең ұстап жүрсе екен» деп іштей тілеп отырдым. Такси бізді бұрынан «Зауыт басы» деп аталатын көшеге жеткізді. Құрақ ұшып қарсылаған Иба құрбымыз қонақ күту шаруасына білек сыбана кірісіп кеткен.

Маған туған өлкемде құрдасқа, нағашы-жиенге деген емен-жарқын әзіл-қалжың тарқамай, қазақылықтан шеттемегендіктері ұнады. Бұл – керемет. Шыны керек, қазір бұл дәстүр мен тұрып жатқан жерде жоқтың қасы.... Тағы бір байқағаным, қалада да, ауылдық жерлерде де қоғамдық көлік аса бір сұранысқа ие емес сияқты. Көбі таксимен жүреді. Бұның өзі халықтың әл-аухатының жаман еместігі деп түйдім. Туғандарыммен де бас қосып, ауылды аралап шықтым. «Шіркін-ай, жұмсақ топырағын жалаң аяқ кешіп кетсем» деп қиялға шомып келе жатқан ойымды сіңлім Сәуленің «Апа, жолмен жүрсеңізші, туфлиіңізге топырақ кіреді ғой» дегені бөліп жіберді. - Ештеңе етпейді, осы батпағы мен қара дауылы ғой мені сағындырып жүрген,- дедім жанарымнан домалаған моншақ жасты жасыра алмай. «Жайлы жер іздеп кеттің» деп ауылым маған өкпелеп, көңілімді кірлетпесе болғаны. Осындай ой үстінде келе жатқанымда, тағы да сіңілім қолымен нұсқап: - Анау сіздің үй ғой,- деп алыста тұрған бір үйді көрсетті. Иә, ол біздің үй болатын. Анашым барда ажарлы болып тұратын, қазір тым суық көрінді. Ішіне бас сұғып кірмек түгілі, жанына бара алмағаным жаныма қатты батты. Өзім жетім болмасам да, осындайда көңілімдегі бір жетпестікті сезіндім.

Осылайша, бауырларым мен достарымның үйінде аунап-қунап, Атырауымда жарқын жаздың 21 күнін өткізіп, Алматыма ұшып кеттім. Балалық шағымның алтын мекені болған ауылды бүгінде мыңғырған малсыз елестету мүмкін емес екен. Қаңырап бос тұрған қора-жайларының көңілімді құлазытқаны да шын. Боздаған бота-тайлағы, мөңіреген бұзауы мен маңыраған қозы-лағының үні құлағыма келіп, көз алдымнан бала кездегі ауыл бейнесі өтіп жатыр. Шіркін, сағыныш қой ол кездер... Біз сықылды иінағашпен су тасу да сәннен қалыпты. Ол жағынан қалалықтардан кем тұрмайды екен біздің ауыл. Күл шығарып, от жағу да келмеске кеткен. Қазірде еті тірі жандар ауыл шаруашылығындағы кәсібін ұршықша иіріп отыр. Ауыл тірлігі сондай азаматтармен жанданады ғой. Айта берсең, ауыл жайлы әңгіме көп. Кеше ғана келген ауылыма тағы да барғым келіп жүр. Ойыма сонда болған күндерім орала береді қазір. Қайтадан сағыныштың сары орманына сүңгимін. Мен оны сағына беремін.

Балхия НҰРСҰЛТАНҚЫЗЫ.

Алматы қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521