Сафари құмы бізде де бар

Өркеш-өркеш болып созылып жатқан Нарын құмдары-ай... Сенің төскейіңде небір тарландар құйын өмірді құйындатып өтті ғой... Кешегі ер Исатай мен Махамбеттердің өзі бір шежіре, тарих...

Ақтабан атын ойнатып, бес қаруы бойында, жауды көрсе жасындай болып құтын қашырған ер Исатай, от ауызды, қанжардай қиып түсер орақ тілді өр ақын Махамбет Нарыны үшін не көрмеді? Анау алыстан қарауытқан Мыңтөбе тауы! Қилы-қилы кезеңдерді басынан өткізген бұл да бір киелі өңір. Батысына қарай жүрсең – Айбас құмы. Қасиетті Сәт баба мәңгілік тыныс тапқан киелі жер! Қызыл өкіметтің «қырына» іліккен Насихат ақын да осы Мыңтөбесін, елін-жерін жырлап еді-ау... Нарын - шұрайлы өлке! Бабалардан қалған бұл қоныс - ел ырысы.

Нарынды бетке алып шығып, сайын далаға сұғына түскен сайын айнала табиғат көрінісі де өзгере береді. Жазық дала бірте-бірте жыңғыл мен сексеуіл өскен шағын төмпешіктерге ауыса бастайды. Солардың бұтақтардың арасынан құрлар аспанға шырылдай ұшса, үріккен қояндар жалт беріп, секіре қашады. Мыңтекеден асып, алға қарай жүрген сайын айнала топырақ сарғыш тарта бастайды, ал, ауадан жусанның иісі аңқиды. Бірнеше биік белес-терден өткеннен соң күтпеген жерден керемет бір көрініс пайда болады, ол - шексіз құм төбелер. Үйіріле соққан желмен бедерленген биік шағылдар көз алдыңда құмды даланың нағыз бейнесін айшықтап-ақ тұр.

Нарын құмы Атырау өңірі картасында өзінше бір ақтаңдақ болып табылады. Осынау құмды даланы адамдардың тастап көшкеніне де ондаған жылдар өтті. Құмды шағылды қонысты өзінің малы үшін қыстаққа айналдырған малшыларды ғана сиректеу кездестіруге болады мұнда.

Дегенмен, Нарынның құм төбелері көптеген құпия сырға толы. Бұл өлкеге «қара» қазына іздеушілердің аяқ басуы тегін емес. Құмды дала қойнауында ежелгі замандарда жерленгендер де жоқ емес. Атыраулық өлкетанушылардың пікірінше, бұл жерде сарматтар мен скифтер мәңгілік мекен тапқан болуы керек. Ал, халық аузында құм арасында көптеген түйе үйірінің адасып жүретіндігі туралы әңгімелер бар.

Бұл жерлер көрген адамды өзіне баурап алар қандайда бір әсерге ие. Өзіңді әлемнің бір бөлшегіндей сезіне отырып, шексіз ен далаға ұзақ қарап тұруға болады ... Мыңтеке – Каспий теңізінің солтүстік жағалауын бойлай жатқан Исатай, Құрманғазы аудандарындағы құмды алқап. Батыстан шығысқа қарай 90 шақырымға созылған, ені – 30 километр, биіктігі 10-11 метр шамасында. Ол қырқалы- шағылды, шағылды-төбешікті болып келеді. Салыстырмалы биіктігі – 10-20 метр, ұсақ түйіршікті кварцты құмдардан тұрады. Солтүстігі - Нарын құмына, оңтүстігі - сор, сортаңды, құмды жазыққа ұласады.

Мыңтеке құмының Каспий теңізі жағалауын шайып жатуы – су астының тазалығына бірден-бір әсер ететін фактор. Бұл жердің осы ерекшелігі Біріккен Араб Әмірлігі Дубай қаласының табиғатына қатты ұқсас.

Ал, Нарын құмы - Каспий теңізінің солтүстік батыс бөлігінде орналасып, Еділ мен Жайық өзендерінің аралығын алып жатыр. Аумағы – 40 мың шаршы километр . Теңіз деңгейінен 21 метр төмен орналасқан. Облысымыздың Исатай, Құрманғазы, Махамбет аудандарының және Батыс Қазақстан облысы, Бөкей Ордасы ауданының оңтүстік бөліктерін қамтиды. Бұл аймақтың климаты – қуаң континенттік. Жылдық жауын-шашын мөлшері – 214-246 миллиметр. Аңызақты жел, шаңды дауыл жиі болады. Жер астында тұщы су қоры бар. Шөлге тән жүзгін, қияқ, құмаршық, адыраспан, терек, жыңғыл, сексеуіл сынды өсімдіктер өседі. Аңдардан, көбінесе, қоян, қарсақ пен сасық күзенді және қасқырды кездестіруге болады. Жан-жақтың туристерін қатты қызықтырған Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Дубай қаласында орналасқан Сафари құмы біздің Исатай, Қызыл үй елді мекендерінде де бар. Құм арқылы күннің ұясына батуын тамашалауға, сонымен қатар түйемен серуендеуге болады. Бірақ, ол үшін адамның арнайы дайындығы болуы керек. Себебі, күн райының ыстық кезінде ат не түйе үстіндегі жүріс адамды қатты қажытады. Десек те, саяхаттың алғашқы минуттарынан бастап, соңына дейін сіз өзіңізге тылсым табиғаттың небір жаңалықтарын ашасыз. Құрғақ және ыстық ауа (күндіз +35, түнде +4) өзіңізді Жерде емес, Ай немесе Марс бетінде жүргендей әсерге бөлейді.

Бұл өлкеде балаларға арнап құм терапиясын жүргізуге болады. Ол өз кезегінде, сөзбен айтып жеткізе алмайтын ойлау мен қобалжуларды сыртқа шығаруға көмектеседі. Іште туындаған қиын жағдайларды, шығармашылық потенциалдарын босатады. Құм терапиясы — адамның ойлау қабілетін дамытады, зейінін арттырады. Сонымен қатар, адамның жүйке жүйесін тыныштандыруға да пайдасы зор. Құммен сурет салуға балаларды машықтандыруға пайдасы бар.

Онымен қоса, құмда ванна қабылдап, жалаң аяқ серуендеуге болады. Оның денсаулыққа тиігзер әсері ерекше. Құмнан нәр алған табандағы биологиялық белсенді нүктелер ішкі ағзалардың жұмысын жақсартады.

Атырау облысында шамамен 600 мыңға жуық адам тұрады. Мұнайлы өңір тұрғындарының орташа жалақысы өзге өңірлерге қарағанда жоғары болып келеді. Атыраулықтар болса, өзімізде демалыс орындары болмағандықтан, шетелге барып, өзге елдің бюджетін молайтуда. Бұл қаражатты өз еліміздің гүлденуіне жұмсау үшін туризмді белсенді түрде дамытуға атсалысуымыз керек. Табиғаты алуан түрлі, жері бай келетін біздің ауданымыз сияқты жерлерде туризмді дамытып, табиғатымызды көркейту үшін мемлекет қолдау көрсетіп, кәсіпкерлерге ұсынылып, жұмыстар жасалынуы қажет деп есептейміз.

Қадыржан САПАРОВ,

Х.Наубетов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы,

Мейрамгүл СЕЙІТОВА,

биология пәнінің мұғалімі Жанбай ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521