"Сағаттап берген су тағатымызды тауысты"

Дендеген дерт, аптап ыстық әбігерге салған ауылдасқа ауыз судың жеткіліксіз жағдайға келуі «жығылғанға жұдырық» еді.

Бұл көңілсіз көрініс ауданның Аққыстау және Тұщықұдық ауылдарына тән. Сөйтіп ол соңғы 3-4 күнде аудан әкімдігінің телеграмм чатындағы басты тақырыпқа айналды.

Желіде көрініс берген әрбір жазбадан сағаттап су күтіп шаршаған, ақырында бір шелек суды да жинап үлгере алмай діңкелеген түрғындардың әбден ашынған жағдайларын аңдадық. Айтуларынша, 9 шілдеден бері тамшы суға зәру болғандар не істерге білмей дал.

Былайғы кісі бірден байқар жайт, халыптасқан жағдайға байланысты судың қай уақытта тоқтап, қай уақытта жүретіндігінен көпшілік ауылдастардың хабарсыздығы еді. Бұған жазбалардың дені «Саламатсыздар ма, су неге жоқ.Қашанға дейін болмайды?» деген мазмұнда болуы дәлел.

Тұрғындар сауалына орай жауап жазған Тұщықұдық ауылдық округі әкімі Мәди Өтеғалиев: «Ыстық шамадан тыс көтерілуінен су мөлшері артық пайдаланылуда. Бұл сумен жабдықтаушы мекемеге қиындықтар туғызуда. Оларға мәселе қойып, бақылауда ұстап отырмыз» деген уәжін көлденең тартты.

Ал «...су жоқ, корпуста тұрамыз, құдық жоқ. Ертерек ескертсе толтырамыз, енді отырмыз, қол жуатын су жоқ, антисанитария» деп өкпесін жеткізген томандық Алексей есімді азаматтың сұрағынан кейін Аққыстау ауылдық округі әкімі Ғаділ Боранбаев судың сағаттап берілетін болғаны Томан ауылына да ескертілмей қалғанын мойындап: «Алексей, Томанға ескертілмей қалған, кешірім өтінем, жауапты маманға тиісті шарасы алынады...» деді.

Аққыстаулық тұрғын Бағытжан Алпысбаев болса, кей мамандардың судың жоқтығына электр желісінде кестеге сай жөндеу жүріп жатқандығы да әсер еткендігі туралы уәжін жоққа шығарды. Ол сондай-ақ судың тазалығы сын көтермейтіндігін де айтпай қала алмады.

Аққыстау, Тұщықұдық ауылдарында су жеткізу мәселесі көтеріліп жатқандығын, анықталған ақаулар жөнделу үстінде екенін тілге тиек еткен аудан әкімінің орынбасары Болатбек Сисатов та ауылдастарды шыдамдылық танытуға шақырды.

- Күннің ысып кетуіне байланысты су тазарту сүзгілері суды сүзіп үлгере алмай жатыр. Соның салдарынан қазандықтардағы су мөлшері қазіргі кезде түсіп кетіп, кейбір көшелерде су қуаты аз болып отыр... Осыған байланысты суды барынша үнемді пайдалануларыңызды сұраймыз. Қазандықтардың суын ретке келтіру үшін 11 шілдеде, сағат 22.00-ден бастап уақытқа қойылатынынан хабар береміз: 7.00-10.00, 12.00-14.00, 19.00-22.00» деген «Қамысқала су арнасы» ЖШС құлақтандыруы да сол 11-і күні ғана чатта жарияланып жатты.

Иә, айта берсе әңгіме аз болмады, өйткені оның бәрі өмір нәрі – судың жеткілікті һәм сапалы жеткізілуі жайын қаузаған еді. Сол күндері барлық жауапты мамандармен бірге су тазарту имараттарында болып, жұмыстарын қадағалап шыққан аудан әкімі Марат Мурзиевтің жауабы әлеуметтік желідегі айқай-шуға тоқтау салғандай болды.

- Құрметті аудан тұрғындары, жерлестер! Өткен жылдары аудан көлемінде ауыз су беру мәселесі мамыр айы басталысымен уақытпен беріліп келгендігін өздеріңіз білесіздер. Биылғы жылдан бастап осы мәселені шешу мақсатында «Магистральды су ағызғы» ЖШС-мен келісіліп, су беру көлемі ұлғайтылды.

Осы себепті осы күнге дейін аудан көлемінде ауыз су үздіксіз беріліп келді, тек Аққыстау, Тұщықұдық ауылдары уақытқа көшірілді. Қалған ауылдарда су үздіксіз берілуде. Аудан бойынша тұрғындарды сумен қамтамасыз етіп тұрған су тазарту имараттары үзіліссіз жұмыс жасауда.

Соңғы кезде Аққыстау, Тұщықұдық ауылдарына судың жеткіліксіз деңгейде берілуінің бірден-бір себебі, ол – судың шамадан тыс пайдаланылуы. Яғни, ең бірінші кезекте ол - негізгі құбырлардан алынатын, әр үйге келіп тұрған құбырлардың бойына су сорғыларын пайдалану, бау-бақша суару, қала берді малға су беру. Осының барлығы судың пайдалану көлемін арттырып отыр. Сол себепті су тазарту құрылғыларына су жинап алуға үлгеріс болмауда, - деді ол.

Аудан басшысы айтқандай, қазіргі уақытта Аққыстау, Тұщықұдық ауылдарының халық саны мен тұрғын үйлері қатарының артуы бұдан 6-7 жыл бұрын салынған су тазарту имараттарының көлемін ұлғайту қажеттігін туындатуда екен. Аталған имараттардың көлемін арттыру бойынша қазіргі уақытта нақты тапсырмалар берілген, жұмыстар жасалуда. Марат Бисенғалиұлы жоғарыда аталған мәселелерді шешудің тағы бір жолы – ауылдарда жазғы су желісін тарту екенін, ол бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталды.

- Атап айтар болсақ, Аққыстау, Тұщықұдық ауылдарына жазғы су желісін тарту бойынша жобалық, сметалық құжаттамалары жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Алдағы уақытта құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін тиісті мекемелерге бюджеттік өтінім жолданатын болады. Х.Ерғалиев, Жанбай ауылдарына жазғы су желілерінің жобалық, сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптамадан өтуде, тамыз айында сараптаманың оң қорытындысы шығады деп күтілуде.

Сонымен қатар дәл қазіргі жағдайдағы проблеманы шешу негізінде менің тапсырмам бойынша әкімшіліктің қызметкерлері, арнайы су мамандары бар комиссия құрылып, әр үйге қондырылған су сорғыларын анықтау мақсатында тексеріс жұмыстарын жүргізіп және осы бойынша көптеген фактілер анықталды. Бұл бойынша жауапты мамандар тиісті шарасын алатын болады. Осы бағыттағы жұмыстарды алдын ала талдап, проблемаларды болдырмау мақсатында жіберілген кемшіліктері үшін тиісті мамандарға ескертулер жасалды. Бұл жұмыстардың жалғасын табуы және ауыз судың тұрғындарға кідіріссіз берілуі жеке бақылауымда екендігін қаперлеріңізге беремін, - деді аудан басшысы.

Әрекет болмай берекет жоқ. Сұрауы бар судың жайы дүйсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Б.Сисатовтың төрағалығымен ZOOM платформасы арқылы ауылдық округ әкімдерімен өткен онлайын жиналыста да қаралып, тұрғындарға ауыз суды кедергісіз жеткізу басты мәселе делінді, сенбі-жексенбі күндері ауыз су беруде туындаған қиындықтардың қайталанбауын бақылауда ұстау ауыл әкімдеріне тапсырылды. Ал ауыл әкімдері болса, ауыз су жеткізуші мекеме мамандарымен бірге ауыл көшелерін аралап, шағымданған ауыл тұрғындарының үйлеріне барып тұрған желілерді қарау арқылы су жеткіліксіздігінің басқа да себептерін анықтауды қолға алғанын білдік. Басты мақсат – сағаттап берілетін суды сол уақытында әр тұтынушыға жеткізу.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521