Ш.Шәріпов балалар саз мектебінде орналасқан №139 сайлау учаскесінде Исатай аудандық орталық кітапханасы мен аудандық балалар кітапханасының бірлескен кітап көрмесі ұйымдастырылды,-деп хабарлайды «Нарын таңы» газеті.
Аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы Нұрғафуран Дюсенғалиева бұл көрменің басты мақсаты – сайлаудың маңыздылығын насихаттау және елдегі саяси ахуалға бей-жай қарамауға шақыру екенін атап өтті.
-Көрмеге қойылған кітаптардың басым бөлігі – саяси бағыттағы еңбектер. Сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстанның мәні мен тарихынан сыр шертетін кітаптар да бар. Бұл көрме сайлаушылардың сайлауға деген көзқарасын өзгертіп, олардың саяси сауаттылығын арттыруға бағытталған, – деді ол өз сөзінде.
Кітап көрмесі сайлау күні келген тұрғындардың ерекше қызығушылығын тудырып, маңызды таңдау жасауға ой салды.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ