Сайлауға серпін берер жас буын

 

Әр буынның қоғам алдындағы өзіндік жауапкершілігі бар. Ал бүгінгі жастардың міндеті – ел ертеңіне серпін беретін, әділ таңдау жасауға қабілетті, саяси сауатты азамат болып қалыптасу. Өйткені дауыс – әрбір адамның тағдырға қосқан үніндей. Ол үн естілу үшін жас буынның сайлау мәдениеті де биік болуы қажет. Осыған орай ауданда ерекше бастама қолға алынды. Жастардың саяси-құқықтық сауатын арттыруға, олардың қоғам өміріне белсене араласуына жол ашатын жаңа алаң – «Жас сайлаушылар» клубы құрылды. Жаңа ұйым аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жанынан ашылып, алғашқы отырысын өткізді.

Жаңа бастама жастар үшін пікір алмасып, ой бөлісіп, болашаққа сеніммен қадам басудың алаңына айналмақ. Клубтың негізгі мақсаты – жас азаматтарды сайлау процесіне белсене қатыстыру, олардың құқықтық сауаттылығын арттырып, қоғамдағы саяси белсенділігін нығайту. Сонымен қатар жас сайлаушыларға кеңес беру, әдістемелік көмек көрсету, бас-тамаларына қолдау білдіру де басты міндеттердің қатарында.

Алғашқы басқосуда алдағы қызмет бағыттары сараланып, отырыстарды түрлі форматта ұйымдастыру ұсынылды. Атап айтқанда, пікірталас алаңдары, «дөңгелек үстелдер», кездесулер мен жастардың белсенділігін арттыруға ықпал ететін басқа да ортақ шаралар өткізу мәселелері қозғалды.

Жиын барысында сөз алған аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Азамат Балмурзин жастардың саяси өмірге араласуы қоғам дамуы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтіп, саяси белсенділігінің маңыздылығына тоқталды.

–    Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Жас сайлаушы-лардың саяси көзқарасын қалыптастыру, олардың құқықтық мәдениетін арттыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл клубтың жұмысы арқылы біз жастарға дұрыс бағыт беріп, олардың бастамаларын қолдайтын боламыз,-деді Азамат Жанболатұлы.

Жиынға қатысушылар өзара пікір алмасып, сайлау науқанында жастардың белсенділігін арттыру мақсатында түрлі ұсыныстар айтылды. Жас сайлаушылар клубының алғашқы отырысы қатысушылардың қызығушылығын туғызып қана қоймай, сенімдеріне де  тың серпін бергені кәміл.

 

Еркебұлан  УАЛИТХАНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT