Журналистиканың жүгін иыққа арту – жай ғана мамандық таңдау емес, қаламмен елге қызмет етудің жолы.
Аудандық «Нарын таңы» газетінің веб-редакторы Әсел Табиғатова биыл ғана шығармашылық ұжымды толықтырғанымен, оның еңбегі бірден көзге түсіп, ізденісі мен тиянақтылығының арқасында аз уақыттың ішінде өзінің кәсіби орнын айқындап үлгерді.
Әсел Табиғатқызы – Зинеден ауылының төл перзенті. Орал қаласындағы жоғары оқу орнында қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алған ол – сөз қадірін жақсы білетін, көркем ойлауға бейім жан. Әселдің журналистикаға келуі кездейсоқтық емес, бұл – жүрек қалауы. Мұғалім болуға толық мүмкіндігі бола тұра, ол өзінің қабілетін, білімін туған жеріндегі басылымға арнады.Бүгінде ол «Нарын таңы» газетінің ресми сайтына жедел әрі сапалы контент дайындап, ақпаратты дер кезінде жариялап отырады. Заманауи цифрлық жүйені жетік меңгерген Әселдің бұл бағыттағы тың бастамалары редакцияның жұмыс ырғағына серпін берді.
Оның шығармашылық әлеуеті тек журналистикамен шектелмейді. Әсел – ақын жүректі ару. Сөз өнеріне жақындығы, тілге деген жауапкершілігі оның өлеңдерінен де байқалады. Бос уақытында жүрек үніне құлақ түріп, жыр жазады. Оның әрбір өлеңі – сезім мен сырға толы, ішкі жан-дүниесінің нәзік пернесі. Бұл қасиет – оны әріптестері арасында ерекшелеп тұратын ерекшелігі.
Жуырда Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен өңір журналистерімен кездесуге Әсел де қатысты. Журналистердің басын қосқан бұл жүздесуде жас маманның еңбегі ескерусіз қалмады. Кәсіби мереке аясында ол арнайы марапатқа ие болды. Бұл – еңбектің, ниеттің, талаптың еленгені.
Әсел – бүгінгі күннің өз ісіне адал, заман талабына сай, туған жерге деген сүйіспеншілігін нақты іспен дәлелдеп жүрген жас маман. Оның әр ісі – үлгі, әр сөзі – ықылас. Өз жолын енді бастағанымен, қадамын нық басып келеді. Әлі де талай асулар мен биіктер алда. Ең бастысы – оның бойында жалын бар. Ал жалынды жүрек ешқашан үнсіз қалмайды. Журналистика мен поэзияны қатар серік еткен Әселдің болашағынан тек жақсылық күтесің. Ол – қаламды құр ұстаған емес, жүрегімен жазатын журналист.
Сағыныш ҚАЙЫР