Сахна төрінен өмірдің өзі сөйлейді, әр кейіпкер тағдырдың бір тарауын сомдайды. Жайықтың жағасынан бастау алған өнер көші бұл жолы Исатай ауданына ат басын бұрып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Атырау жастар театры аудандық «Жалын» мәдениет үйінде қазақ музыкасының шоқтығы биік тұлғасы, әйгілі композитор Илья Жақановтың өмірі мен шығармашылығына негізделген «Еділ мен Жайық» мюзиклін сахналады.

Бұл – жастар театрының Исатай жеріне алғашқы келуі емес. Бұған дейін де жүрек тербеген, ой салған қойылымдарымен келген өнер ұжымы бұл жолы да көрерменін бейжай қалдырмады. Қойылымда драма да, комедия да, трагедия да үйлесім тапқан. Бір сәтте күлдіріп, бір сәтте жылатқан сахналық көріністер көрерменге терең әсер қалдырды.

Аудан орталығына шалғай ауылдардан да арнайы келген өнер сүйер қауым залды толтырып, ерекше әсермен тамашалады. Біз сөйлескен еңбек ардагері, ауыл тұрғыны Самат Қабделов ағамыз қойылымнан алған әсерін былай жеткізді:

– Бүгінгі қойылым, шыны керек, жоғары деңгейде өтті. Ерекше әсер сыйлады десем, артық емес. Театр өнерін жақсы көремін, әр мүмкіндік туған сайын көруге тырысамын. Атырау жастар театрына келешекте де сәттілік пен шалқар шабыт тілеймін, – деді ол.

Мюзиклде Илья Жақановтың балалық шағынан бастап қарттық кезеңіне дейінгі өмір жолы бейнеленді. Әсіресе оның махаббат тарихы көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.

Қойылым соңында аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов сахна төріне көтеріліп, жас әртістерге алғысын білдіріп, аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Ол өз сөзінде өнердің адам жанына рухани нәр беретінін атап өтіп, шығармашылық ұжымға табыс тіледі.

Тамыз айынан бері облыс аудандарын аралап жүрген бұл мюзикл әр жерде зор қошеметке ие болуда.

Театр – халықтың рухани қазынасы. Әр қойылым – өткеннің өнегесін, бүгіннің болмысын, ертеңнің үмітін айқындайтын айна. «Еділ мен Жайық» мюзиклі – өнердің осындай құдіретін тағы бір мәрте дәлелдеген ерекше туынды болды.

Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген жас әртістердің шабытты ойыны, сахнаның әсем безендірілуі мен әсерлі әуендер исатайлық жұртшылықтың жадында ұзақ сақталары анық.

Сағыныш Сайлаубайқызы

