Бірінші маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Аққыстауда ерекше сән-салтанатпен аталып өткен болатын. Балалар мерекесіне арналған көтеріңкі көңіл-күй, күмбірлеген күй, әуелеген ән, мың бұралған би – бәрі бір арнаға тоғысты. Бұл күннің шуағын ерекше еткен – Тұщықұдық ауылдық округіне қарасты Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінің жанынан құрылған, Халықтық атағы бар Бермағанбетовтер жанұялық ансамблінің «Өнерлі ұрпақ» атты шығармашылық концерті болды.
Жарты ғасырға жуық уақыт бойы халықтың рухани сұранысын өтеумен келе жатқан өнерлі отбасы бұл жолы да жұртшылықты тәнті етті. 1987 жылы алғаш рет Атырау қаласында сахнаға шыққан ансамбль содан бері үздіксіз өнер көрсетіп келеді. Ансамбльдің негізін қалаушы, жанұяның кенжесі Аманжол Бермағанбетов болса, бүгінде оның басын біріктіріп, шығармашылығын шырақ етіп жүрген Рамазан Бермағанбетов.
Бұл күні орталық Тәуелсіздік алаңында Мажит пен Зәмзәм Бермағанбетовтерден тараған 117 ұрпақтың басы қосылды. Олардың 40-тан астамы сахнаға шығып, ұлттық өнердің сан түрін ән, би, күй, театрландырылған көріністерді жұртшылық назарына ұсынды. Әсіресе ансамбльдің құрамындағы 17 келіннің сахнада өнер көрсетуі көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Ұрпағы – елге қызмет, өнері – ұлтқа рух берген бұл отбасының шежіресі де өзгеше. Тоғыз бала тәрбиелеп өсірген Мажит пен Зәмзәм әулетінен бүгінде 43 немере, 61 шөбере, 4 шөпшек тараған. Бір әулеттің ғана емес, тұтас бір ұрпақтың ұлт мәдениетіне қосқан үлесінің айқын көрінісі.
– 1987 жылы Атырауға келіп, тоғыз отбасы бірігіп алғаш рет концерт қойған едік. Ол кезде Октябрь революциясының 70 жылдығына орай халық алдында өнер көрсетіп, үлкен жауапкершілікті сезінгенбіз. Міне, содан бері отыз сегіз жыл өтті. Алла қаласа, екі жылдан кейін ұлы өнер сапарымыздың қырық жылдығын атап өтеміз. Бүгінгі кеш – сол үлкен мерекенің қарсаңындағы есеп беруіміз, елге деген құрметіміздің көрінісі десек болады. Бізді қолдаған халқыма мың алғыс! Ел аман, жұрт тыныш болсын. Балаларымыздың мерекесі ұрпағымыздың амандығымен, татулығымен мәнді болсын,-деді ансамбль мүшесі Уәлижан Мажитов тебірене.
Кеш шымылдығы Мажит пен Зәмзәм Бермағанбетовтерге арналған театрландырылған көрініспен ашылды. Қойылымды облыстық Атырау жастар театрының танымал актері, отбасы мүшесі Бисенбек Мажит арнайы сахналап, көрерменге ата мен әженің өмір жолын, рухани болмысын сахна арқылы сәтті жеткізді.
Бүгінде отбасы мүшелері өнердің сан саласында еңбек етіп жүр. Мәселен, Шырын Бермағанбетова жетекшілік ететін «Алтын ғасыр» би тобы облыс, республика көлемінде танымал. Бисенбек Мажит болса – Атырау облыстық жастар театрының белді мүшесі. Бермағанбетовтер отбасының өнердегі орны – олардың жеке шеберлігінде емес, бірлікте, ұрпақ сабақтастығында. Айта кету керек, 2008 жылдан бері ансамбльге ҚР Мәдениет министрлігінің бұйрығымен «Халықтық» атағы беріліп, Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйі жанынан арнайы штат та бекітілген. Әрине, бұл өнердің бағалануы, елдің құрметі. Кеш соңында ансамбль мүшелері балаларға арнап тәттілер таратты. Үлкеннің кішіге көрсеткен ілтипаты, өнер мен тәрбиенің үндестігі. Бермағанбетовтер әулеті – өнерді ұрпақтан ұрпаққа жалғап келе жатқан сирек жанұя. Олардың кешегі сахнадағылардың жалғасы емес, өз алдына жаңа тыныс әкелген ұрпағы бар. «Өнер атадан балаға жұғады» десек, бұл отбасы – соның айғағы. Бүгінгі балалар мерекесі осындай өнегелі ұрпақпен сәнді болды. Халықтық атағы бар ансамбль Исатай жұрты үшін ғана емес, Атырау облысы үшін де мақтаныш.
Әсел ТАБИҒАТОВА