Бұл - жылыту маусымы басталған кезең. Осы бір мезгіл - өрттің пайда болу себептері әдеттегіден әлдеқайда көп болатын уақыт. Өйткені қазір ауа райы салқындады, алда қытымыр қыс келеді, тұрғын үйлер мен кеңсе үйлерінде, басқа да ғимараттарда жылыту қолға алынған. Осыдан кейін, атап айтқанда, пештердегі, электрлі жылыту құрылғыларындағы, жылу желілеріндегі, жертөлелердегі өрттер орын алуы жиілейді. Ал оны болдырмау алдын алуға, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға, жалпы сақтық шараларын алуға байланысты.
Сондықтан әрқайсымызға да жауапкершілік пен мұқияттылық керек-ақ. Мәселен, пеш тек қана жылу көзі емес, сонымен қатар өрттің пайда болу ошағы екендігі ұдайы есіңізде болғаны жөн. Пешті қараусыз қалдырғанда өрт шығу қаупі артады. Бұл ретте үйді жалға алушылар мен үй иелерінің сақтық шараларын ұмытып кету жағдайлары қатты алаңдататынын айтпай кетуге болмайды.
«Қатені қайдан деуге болмайды» дейміз ғой, өрттің пайда болуына әрқилы жағдайлар әсер етеді. Біріншіден, өрттің пайда болу себебі пеш құрылғыларын пайдалану ережелерінің бұзылуынан болуы мүмкін. Бұл – пеш пен қабырғалар арасындағы кішігірім қуыстардан өтетін түтін құбырларының талапқа сай болмауы.
Тағы бір бақытсыздық - пештің жұмыс жасауы кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, тіпті толықтай жұмыс істейтін жылыту құрылғысы да қиындықтар туғызады. Пешті қатты қыздыру - жиі кездесетін қателіктердің бірі. Пештің беті термалды инерцияны ұмытып, қажетті температураға дейін қызады. Пешті жаққаннан кейін біраз уақыт өткен соң кірпіштің ішкі және сыртқы беттеріндегі температура теңесе бастайды, оны сол қалыпта жаға берсе, бұл пештің шамадан тыс қызуына әкеледі. Бұған жол бермеу үшін сіз отынның мөлшерін қатаң бақылауыңыз керек. Суып тұрған пеш ұзақ уақыт үзілістен кейін жағылғанда жұмыс температурасына біркелкі шығуы керек. Бұл үшін отынның аз мөлшерімен алдын ала жануды жүргізу қажет.
Біз пешті жағу, жылытудағы қауіпсіздік шараларын сақтау туралы айтып отырмыз. Осы сәтте, яғни тұрғын үйлерді пешпен жылытуда туындайтын тағы бір қауіп-қатер жайлы айтпай кетуге болмайды. Бұл барлық материалдардың (негізінен синтетикалық - пластмасса, лактар, кейбір маталар) жануы кезінде шығатын көмірқышқыл газы туралы. Көмірқышқыл газы улы, бірақ оның түсі, дәмі мен иісі болмағандықтан, адамға оны сезу өте қиын. Көмірқышқыл газына улану пештің түтіндіктерін тазаламаған жағдайда жиі кездеседі.
Жалпы, өрттер көбінесе тұрғын үй секторында орын алады. Тұрғын үй секторының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ең күрделі мәселе - әр тұрғынның өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауы. Тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі әрдайым белгіленген ережелерге сәйкес келмейді. Көп қабатты үйлерде тұрғындар лоджияларға арарналған қосалқы баспалдақтарды алып тастайды, сондай-ақ, баспалдақтарға металл есіктер орнатады.
Осыдан келіп, өрттің шығу себебі, шамамен 50 пайызы адами фактордан болады. Сондықтан аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандарымен халыққа өрт қауіпсіздігі бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу бұл маңызды мемлекеттік іс делінуде.
Бөлім қызметкерлерімен жылыту маусымында өрттердің саны мен адам өлімін азайту бағытындағы жұмыстар жүргізіліп келеді. Өрт қауіпсіздігін сақтау бағытында қолға алынған маусымдық профилактикалық жұмыстардың бірі - «Өрт қауіпсіздігі айлығы».
Айлық барысында төмендегідей профилактикалық жұмыстар жүргізілуде:
- Елді мекен тұрғындарымен өрт қауіпсіздігі тақырыбында жиындар;
- Еңбек ұжымында нұсқамалар;
- Қоғамдық және жеке автотранспорт жүргізушілеріне өрт қауіпсіздігі тақырыбында түсінік жұмыстары.
Сондай-ақ, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалы Исатай газ шаруашылығы қызметкерлерімен бірге әлеуметтік тәуекел тобына жататын адамдардың, соның ішінде мүгедектердің, жалғызбасты және көп балалы адамдардың төменгі топтарының тізімдерін жасақтау арқылы тұрғылықты жерлерінде профилактикалық жұмыстар жүргізіліп отыр.
Бұқаралық ақпарат құралдарында жылыту маусымында мүмкін болған өрттердің алдын алу үшін барлық қажетті шараларды қамтыған брифингтер өткізілуде.
Бұдан басқа, жалпы білім беретін оқу орындарында білім беру бөлімдерімен бірлесіп өрт қауіпсіздігі бойынша шараларға балаларды оқыту үшін слайд сүйемелдеуімен және бейнеклиптерді көрсетумен интерактивті сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар, оқу орындарында әңгімелер мен викториналар, оқушылармен өрт болған жағдайда балаларды көшіруге арналған жаттығулар ұйымдастырылып өткізілді.
Исатай ауданы ТЖБ №6 Өрт сөндіру бөлімінде «Ашық есік күндері» өтуде. Онда оқушылар өртке қарсы жабдықтармен, құралдармен, өрттен қорғау тарихымен таныстырылып отыр. Бұл жұмыстар алға қарай да жалғасын табатын болады.
Ғарипжан ҚҰРМАНОВ,
аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі

