Сақтыққа салғырттық жараспайды

 

Ауданда төтенше жағдайдың кез келген түріне дайындық тағы бір мәрте тексерілмек. Яғни, қазан айының соңғы күндерінде аудан аумағында азаматтық қорғау қызметтерінің қатысуымен кешенді оқу-жаттығу өтеді. Мұндағы мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі барлық құрылымдардың дайындығын пысықтау, төтенше жағдайда әр қызметтің іс-қимыл бірлігін нығайту.

Аталған оқу-жаттығу Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев бекіткен «2025 жылға арналған Атырау облысының аумағындағы азаматтық қорғау саласындағы оқу-жаттығуларды өткізу жоспарына» сәйкес 29–30 қазан күндері жүзеге аспақ. Осыған орай аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегеновтың төрағалығымен аудандық азаматтық қорғау қызметтерінің және оларға қарасты мекемелердің басшылары қатысқан жедел штаб отырысы өтті. Жиында алдағы оқу-жаттығудың міндеттері мен тәртібі егжей-тегжейлі талқыланып, қатысушыларға нақты тапсырмалар берілді.

— Төтенше жағдай ешқашан ескертіп келмейді. Сондықтан әр қызмет, әр мекеме өз міндетін нақты білуі керек. Бүгінгі оқу-жаттығу – ауданның қауіпсіздігі мен төтенше жағдайларға дайындығын тексеретін маңызды сынақ,-деді жиынды ашқан Нұрберген Мұратұлы.

 

 

Бұл  практикалық кезеңде үш арнайы жоспар бойынша жаттығулар ұйымдастырылады. Алғашқысы – Аққыстау ауылындағы мектеп-гимназия базасында өтетін эвакуациялық шараларды іс жүзінде жүзеге асыру. Бұл бағыттағы жұмыстар оқушылар мен ұстаздардың төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылын жетілдіруге бағытталады.

 

 

Екінші жаттығуда – дәл осы ауылдағы электр бағанасының құлауы салдарынан жарық желісінің үзілгені жөніндегі шартты жағдай орын алады. Мұнда электр желілерін қалпына келтіру, қауіпсіздік шараларын сақтау және апатты аймақты оқшаулау ісі пысықталады.

 

 

Ал үшінші кезеңде – Атырау-Астрахан автожолының Аққыстау тұсында жол-көлік оқиғасы кезіндегі авариялық-құтқару жұмыстары көрсетіледі. Құтқарушылар, медицина қызметкерлері мен полиция өкілдері өзара іс-қимылдарын үйлестіру арқылы апаттан зардап шеккендерге көмек көрсетудің нақты тәртібін тәжірибе жүзінде көрсетпек.

 

 

Айта кетерлігі, биылғы оқу-жаттығуға қатысатын аудандық азаматтық қорғау қызметтерінің құрамы кеңейтілді. Бұрын 10 бөлім болса, енді оларға аудандық экономика және қаржы бөлімі қосылып отыр. Бұл – ауданның төтенше жағдайлар жүйесіндегі өзара үйлесімділікті күшейтуге бағытталған маңызды қадам.

 

 


Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT