САҚТЫҚТА ҚОРЛЫҚ ЖОҚ төтенше жағдайға дайындығымыз қалай?

Адам өмірі – мемлекеттің басты байлығы. Сондықтан оның қауіпсіздігі қашан да басты назарда. Апат айтып келмейді, тұрғындардың өміріне қауіп-қатер төндіріп, табиғатқа да орасан зор залал келтіретін апаттар, басқа да төтеннен туындайтын қиын жағдайларға дайындық жұмыстарының маңызы зор. Бұл ретте қауіпсіздік шараларын сауатты қолдану арқылы айтпай келетін апаттың шығындары мен залалдарын азайтуға болады. Осы мақсатта ауданда 26-27 қазан күндері облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен кешенді оқу-жаттығу жиыны өтті.

 Алдымен аталған жиынның күнтізбелік жоспарына сәйкес, аудан активімен жиналыс өткізілді. Кешенді оқу-жаттығудың ресми ашылу жиынында аудан әкімі Полымбет Хасанов пен Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, аға лейтенант Дарын Әнуарбеков және ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшылары  қатысты. Жиында азаматтық қорғау қызметтерінің басшылары мен ауылдық округ әкімдерінің төтенше жағдайларды  жоюға жұмылдырылатын күштері және құралдардың дайындығының жай-күйі тыңдалды. Сонымен қатар жиынға қатысушылар азаматтық қорғау саласындағы заң бойынша кіріс сынағынан тест тапсырды.

Аталмыш жиын басында аудан әкімі аудан тұрғындарын бұл жайтқа түсіністікпен қарап, қауіпсіздік шараларын сақтауға және құқық қорғау органдарының заңды талаптарын орындап, оқу-жаттығуға көмектесуге шақыратынын жеткізді. «Біз кез келген жағдайға әрқашан дайын болуымыз керек. Мұндай жаттығуларды өткізу кезінде біздің комбинаттың барлық бөлімшелерінің бірлескен іс-қимылдарының үйлесімділігі тексеріледі» деген аудан әкімі П.Хасанов шараның маңыздылығына тоқталды.

Жиын барысында Дарын Әнуарбеков оқу-жаттығу жұмыстарының мақсат-міндеттерін түсіндіріп өтсе, мекеме басшылары оқу-жаттығуға сақадай-сай екендерін мәлімдеді. Кешенді оқу-жаттығудың негізгі мақсаты аудандық азаматтық қорғау жүйесінің әртүрлі жұмыс режимдерінде басқару органдарының, авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің күштері мен құрылымдары басшыларының дағдылары мен іс-әрекеттерін жаттықтыру және дамыту, олардың әрекетке дайындығын арттыру болды.

Одан әрі комиссия мүшесі мен барша жауапты мамандар кешенді оқу-жаттығу жоспары бойынша аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің күштері мен құралдарының және аудандық аурухананың іс-әрекеттерінің практикалық іс-шараларын тексеру мақсатымен Өркен орта мектебіне бет алады. Негізгі мақсат - төтенше жағдайлар қызметі келгенге дейін объект персоналы мен  оқушылардың алғашқы әрекеттерін бағалау. Мұнде «Өрт-6446» сигналы беріліп, мектепте өрт оқиғасының орын алғаны хабарланды. Мектепте орналасқан төтенше жағдай дабылы естілген бойда, сыртқа ағылған ұстаздар мен оқушылар, мектеп қызметкерлері тез арада ғимаратты босатып үлгерді. Бұл көрініс ұжымның төтенше жағдайларға дайын екендігінің, оқыс оқиға болған жағдайдағы іс-шаралардың мектеп ұжымына таныстығының белгісі деп түсіндік.

Келесі кезекте – «Апат-5555» сигналының берілуі. Яғни облыстық маңызы бар трасса бойында төгілген күшті әсер ететін улы заттың ағып кетуін болдырмау және оны жою. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы аудандық филиалы мен және аудандық полиция бөлімі, аудандық аурухананың жедел әрі білікті қызметінің арқасында кесел ауыздықталып, жапа шеккендерге көмек көрсетіліп, нәтижелі жұмыс атқарылды. Бұл оқу-жаттығу кезінде де арнайы мамандардың осындай оқыс оқиға барысында қандай әрекет жасайтыны сараланып, мамандардың қаншалықты дайын екендігі бағаланды.

Бұл аталған шаралар оқу-жаттығу жиынының бірінші күнінде орындалды. Өткен күнді қорытындылап, анықталған кемшіліктер де шара соңында талқыланып, келесі күнге тапсырмалар беріліп, күн тәртібі жоспарланды.

Екінші күні таңертеңгісін аудандық орталық аурухананың қазандығында «жарылыс» болғаны хабарланды. Аудандық орталық ауруханада 30 науқас бар, бүкіл аурухана жылусыз қалған (жүйе қатып қалған). Емдеуді одан әрі жалғастыру үшін науқастарды тасымалдап, көлікпен, тамақпен, кереуеттермен және т.б. қамтамасыз ету нағыз кәсіби, өз ісінің шебер мамандарының қолында екені анық. Осы сынақта да аурухана басшылығы, өрт сөндіру және басқа көптеген бөлімдер сыналды. Нәтижесінде науқастар арнайы орынға көшіріліп, барлық келеңсіздік артта қалып, мамандар шеберліктерін көрсете білген сыңайлы. Оқу-жаттығуды бақылаған Дарын Әнуарбеков болған оқиғаны саралап, баяндаманы да тыңдады.

Бұдан кейінгі кезекте «Қорған-8888» сигналы берілді. Қамысқала ауылдық округіндегі жеке тұрғын үйдің аула-қорасында ұсақ мүйізді малдарда белгісіз бір аурудың белгілері пайда болыпты. Анығында ауру аса қауіпті инфекция ретінде белгіленді. Осыған орай ветеринария бөлімінің мамандары мен Қамысқала ауылдық округінде құрылған штаб мүшелері ауыл шаруашылығы жануарлары мен өсімдіктерін зарарсыздандыруды ұйымдастыру, адамдарды жануарлардың жұқпалы ауруларынан қорғау жөніндегі іс-шаралар (жануарларды мәжбүрлеп сою және оларды көму) - аса қауіпті инфекцияны жұқтыру анықталған кезде карантиндік іс-шараларды орындау мақсатында Х.Ерғалиев ауылының М.Қостамбаев көшесіндегі 17-үйде аса қауіпті ауруы бар мал өліміне байланысты шектеу шаралары алынып, залалсыздандыру кезіндегі оқу -жаттығу жұмыстары ойдағыдай жүрді. Аудандық азаматтық қорғаныс бөлімінің төтенше жағдайдың пайда болуына байланысты аурудың таралып кетуіне жол бермеу, күдікті жағдайларды жоюға арналған іс-әрекеттері дұрыс бағытта жасалды. Оқу-жаттығу соңында ауыл әкімі Рафиғат Тәжиденова комиссия мүшесіне түсініктеме беріп, баяндама жасады.

Кешенді жаттығудың «Күн-6556» сигналы да беріліп, Тұщықұдық ауылдық округіне қарасты аймақта дала өртінің орын алғаны хабарланды. Мұнда арнайы мамандар жедел штаб құрып, Қамысқала ауылдық округі мен Тұщықұдық ауылдық округінің еріктілерінен құралған жасақ және Аққыстау ауылдық округінен алынған арнайы техниканың жұмыла қимылдып, жедел және білікті іс қылуының арқасында өрт таралып кетпей, ауыздықталды. Бұл оқу-жаттығудың басты мақсаты – ерікті өрт сөндіру жасақтарының дайындығын зерттеу, дала өрттерін сөндіруді практикалық пысықтау болатын. Ауылдық округ әкімі аппарты да жедел өрт сөндіру жұмысын тиянақты ұйымдастырып, шатыр да құрып, арнайы картаны да бекітіп, кәсіби дайындықтарының арқасында оң нәтижеге ие болды.

Екі күндік оқу-жаттығудың соңғы нүктесі азаматтық қорғау аудандық қызметтерінің тізбесімен қойылды. Саптық қарауда жеке құрамды, техниканы, жабдықты жинақтау, дайындыққа келтіру жоспары, функционалдық міндеттерді білу зерделенді.

-шұғыл әрекет ету жасағы;

-ауданның азаматтық қорғаныс құрылымдарының күштері мен құралдары;

-ерікті өрт сөндіру жасағы болды.

Жиында аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі, орталық аурухана, полиция бөлімі, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы аудандық филиалы, ветеринариялық инспекция, аудандық фитосанитария, аудандық аумақтық инспекция және «Жайықмұнайгаз» МГӨБ №6 өрт сөндіру бөлімі мен аудандық «Нарын таңы» газеті редакциясы, «Қазақтелеком» АҚ Исатай желілілік техникалық учаскесі мен «ҚазТрансГазАймақ» Атырау облысы филиалы Исатай газ шаруашылығы бөлімі, «АтырауЖарық» АҚ аудандық электр жүйесі, аудандық құрылыс бөлімі, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК аудандық қызметі қатысты. Бөлімдер барлық құрал-сайман және техника, көлік, азық-түлік сынды төтенше жағдай орын алғанда міндетті түрде қажетті дүниелерді әкелді. Саптық тізбекке арнайы қатысқан аудан әкімі Полымбет Хасанов пен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Дарын Әнуарбековке бөлім басшылары түсініктеме беріп, баяндап және сұрақтарға да тиісінше жауап қайырды.

Жиын соңында сөз алған аудан әкімі оқу-жаттығуға қатысып, білгірлік танытқан барша қызметке ризашылығын жеткізе отырып, төтенше жағдайға дайындықты одан әрі жетілдіруді, үнемі сақадай-сай болуды тапсырды. Сонымен қатар ол оқу-жаттығудың үлкен тәжірибе болғанын да тілге тиек етті.

Оқу-жаттығу аяқталған соң аудандық әкімдікте аудан активімен кеңес өтіп, екі күнге созылған жиын сараланды. Оған ауданның азаматтық қорғаныс қызметтерінің басшы құрамы, ауылдық округ әкімдері және аудан әкімінің орынбасары,оқу-жаттығу жетекшісі Нұрғайша Абежан мен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, аға лейтенант Дарын Әнуарбеков қатысты.

Жиын барысында оқу-жаттығу қорытындысы шығарылып, ауданның дайындық дәрежесі жарияланды. Д.Әнуарбеков аудан басшылығына анықтама тапсырып, тест қорытындысын да жариялады.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521