Сала басшысы ауылдарды аралады

Исатай аудандық денешынықтыру спорт және мәдениет бөлімінің жаңа басшысы Сейітжан Бегисинов Исатай, Зинеден, Жанбай ауылдарында болып, ондағы спорт және мәдениет нысандарын аралады.

Сапарын Исатай ауылынан бастаған басшы алдымен округ әкімі Аслан Ғұбашпен кездесіп, ауылдың тыныс-тіршілігі қысқаша тарихымен танысты. Одан соң аулдық клуб ғимаратында болып, клуб директоры Салауат Меңдіғазиевпен тілдесті. Үш-ақ қызметкер жұмыс жасайтын аядай клубта үйірмелердің жоқтығына назар аударған жаңа басшы ең болмағанда мәдени орында домбыра үйрететін бір маманның болғаны дұрыс екенін айтады.

– Бәрінен бұрын дәстүрлі өнерді жолға қоюымыз керек. Сондықтан домбыра үйірмесін қолға алу қажет шығар, - дейді Сейітжан Бегисинов.

Бұған дейін ауылда Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебі филиалы жұмыс жасап келген. Кейін мамандарға аудан орталығынан қатынап жұмыс жасау қиынға соққан соң ба, мектеп жұмысын тоқтатыпты. Ауыл әкімі алдағы уақытта жұмыс жасаймын деген маман табылып жатса, оны баспанамен қамтуға дайын екендігін айтты. Одан әрі бұрынғы мектеп ғимаратында орналасқан «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубына қарасты дзюдо үйірмесіне табан тіредік.

sejtzhan-aa-1

Ғимарат жұпынылау болғанымен, үйірме жетекшісі Тұрар Ризуанов қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, балаларға дәріс беруде. Кіреберісте күрес залы, одан арғы бөлмеде жаттығу құралдары жиналған. Осынау жұпыны ғимаратта 60-қа жуық шәкірт тәрбиеленіп жатыр екен. Оның оншақтысы облыс чемпионаттарынан топ жарып жүр. Республикалық, халықаралық турнирлердің жеңімпаздары Жұмажан Інжу, Ғайнеден Дидархан секілді талантты балалар осы орында жаттығып, шеберліктерін шыңдап жүр. Ауыл әкімі Аслан Ғұбаш жаттықтырушының жұмысына оң баға берсе, аудандық денешынықтыру спорт және мәдениет бөлімінің басшысы балаларға физикалық жағынан ғана емес, рухани, патриоттық тәрбие беру қажеттігін атады.

- Ол үшін қабырғаға ілінген тәрбиелік мәні бар ұран сөздер мен ұлттың ұлы спортшыларының суреттерінің өзі жеткілікті. Соны қаперге аларсыз, - деді сала басшысы.

Зинеден ауылдық мәдениет үйінде қолөнер үйірмесі жолға қойылған. Сұлушаш Қарабалина айтуынша, ауылда қолөнерге деген қызығушылық басым. Мәдениет үйінің бір бөлмесінен ашылған мұражайға ауылдан шыққан тұлғалар туралы дайындалған материалдар мен түрлі жәдігерлер қойылған. Ауылдық клуб директоры Алмаз Құрасова аталған мұражайды заңдастыру мен оған қызметкер тағайындау жайлы мәселе қозғады. Жанбай ауылдық мәдениет үйінің бір бөлмесі «Барыс» клубының дзюдо, каратэ секцияларына арналған. Былтыр ғана тұсауын кескен каратэ үйірмесінде 60-қа жуық шәкірт тәрбиеленуде. Нәтижелер де жоқ емес. Салаға қатысты сауалдарын қойған аудандық денешынықтыру спорт және мәдениет бөлімінің жаңа басшысы клуб қызметкерлері мен спорттық үйірме жетекшілерінің алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT