“Саламатты Қазақстан” медициналық пойызы Аққыстауда

суреттер автордікі

 

Бүгін Аққыстау ауылында жыл сайынғы дәстүрге айналған “Саламатты Қазақстан” медициналық пойызы келіп, тұрғындарға кешенді медициналық қызмет көрсетуді бастады.  Маусым айының 6-сы күні Құрманғазы ауданынан сапарын бастаған денсаулық керуені Исатай және Нарын ауылдарын аралап, бүгін аудан орталығы – Аққыстау ауылына табан тіреді.  

Денсаулық – ұлт байлығы. Салауатты өмір салтын сақтау – әр азаматтың міндеті.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ұлт саулығы – қоғам дамуының негізі екенін атап өтіп, медицина саласына ерекше көңіл бөлген болатын.

 

 

Медициналық пойыз жұмысының ашылу рәсімінде сөз алған аудан әкімі Нұрым Мусин тұрғындарды құттықтап, жобаның маңыздылығына тоқталды.

– «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы ауданымызға үшінші күн қатарынан қызмет көрсетуде. Бұған дейін Исатай және Нарын ауылдарының тұрғындарына медициналық көмек көрсетілсе, бүгінен бастап орталықтағы ағайындар тексерістен өтуде. Бұл жоба 2010 жылдан бері  жүзеге асырылып келеді. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен Денсаулық сақтау  министрлігі бірлесе отырып жүзеге асырып отырған «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобасы аясында ел аумағын аралап жүр. Өткен жылы республика бойынша 104 мың адамға медициналық  қызмет көрсетілсе, 2010 жылдан бері  760 мыңнан астам тұрғын тексерістен өткен. Оның  ішінде      әр  бесінші пациент – кәмелет жасына толмаған балалар.  Жоба аясында 36 мыңнан астам ота жасалды, – деді аудан басшысы.

 

 

Пойыз соңғы үлгідегі заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Қазіргі уақытта 29 медицина қызметкері тұрғындарды қабылдауда. Сонымен  қатар заңгер мен медиатор да тұрғындарға кеңес беруде. 

 

 

Медициналық пойыздың бас дәрігері Әсемгүл Жұмабайқызының айтуынша, әр вагонда түрлі сала мамандары қызмет көрсетуде. Атап айтқанда, 1-вагонда – терапевт, ЭКГ және акушер-гинеколог; 2-вагонда – зертхана, невропатолог, педиатр, окулист пен ЛОР дәрігері; 3-вагонда – травматолог, хирург, психолог, уролог және УЗИ кабинеті; ал 4-вагонда – кардиолог, стоматолог, рентген мен маммография бөлмелері орналасқан.

 

 

Іс-шара барысында бас дәрігер Әсемгүл Жұмабайқызына Исатай ауданы әкімінің Алғыс хаты табыс етілді. Сонымен қатар, аудан ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожантай    Сыдихов атынан да жүрекжарды лебіз білдірілді.

 

 

Медициналық пойыз тұрғындар үшін зор мүмкіндік болып отыр. Ем-дом мен кеңесті қажет ететін аудан халқы бұл жобаға дән риза.

 

 

Камилла КАКИМҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT