Өткен жексенбіде Аққыстау ауылдық округі аумағындағы «Монғұл» аталатын тоғайлықта ауданымызда бұрын-соңды көп ұйымдыстырыла қоймаған ереше бір шара болып өтті.
Ол белгілі аңшы болған азамат, марқұм Нұриденов Мұстахим Хасанұлын 60 жасқа толатын шағында еске алуға арналған «Салбұрын - 2022» жарысы еді.
Шараға ұйытқы болған Мұстахиммен үзеңгілес жүрген аңшы азамат, бүгінде өзі де аудандағы аңшы жастарға ақылшы болып жүрген тұщықұдықтық Нұржан Сапашевтың бастамасын құп алған «Исатай тазы жанашырлары» ұйымы екен. Бізге аталған шара жөнінде мәлімет берген Аққыстау округінің ветеринар маманы, аталған ұйым мүшесі Қуаныш Мұғалімовтың айтуынша, оған облысымыздың әр шалғайынан келген тазымен шибөрі, түлкі аулаушылар қатысып, шараның ойдағыдай өтуіне белсене атсалысқан. Сайыс барысындағы сында қашқан аңды құтқармауға тырысқан тазылар үш шибөрі мен бір түлкіні алып, қатысушылардың қанжығалары майланулы.
Еске алу шарасы тек мұнымен тамамдалып қалмай кір тасын көтеруден, қол күшін сынасудан да өз күш-қайраттары мен ептіліктерін танытқан.
Барлығы отыздан астам аңшы қырықтан астам тазы иттерін қатыстырған шара барысында әріптестері Мұстахим Хасанұлы туралы естеліктерімен бөліскен қатысушылар шара барысындағы жиын кезінде сайыс жеңімпаздарына құрмет те көрсетулі.Мәселен, қатысушыларды бірі, атыраулық тәжірибелі аңшы, ардагер журналист Кәрім Бақриденов шараға ұйытқы болған Н.Сапашевқа өз атынан арнайы сый-сияпатын ұсынса, сайыстар кезінде жүлделі үш орынды олжалаған жеңімпаз аңшыларға ұйымдастырушылардың дайындаған арнайы дипломдары мен естелік медальдары табысталды. Тағы бір тамаша көрініс шараға келген кәнігі қарт аңшылардың жастарға өз тәжірибелерімен бөлісіп, аңшылықтың қыр-сырын толғап, шараның тәрбиелік мәніне де үңілуі болды. Шара кезіндегі тағы бір шырайлы сәт жас аңшылардың ағаларға деген құрметтері белгісі ретінде иықтарына шапан жабуы еді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, өте белсенділік жағдайында өтіп, қызғылықты сәттері аз болмаған шара алда да жалғасын таппақшы.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР