"Саламатты Қазақстан" медициналық пойызы-Исатай ауданында

Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса дәрігер жағалап, ұзын сонар кезекте тұрып, айлықтан асатын ақшаға емделіп жататынымыз жасырын емес. Дегенмен «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызын сіз де естіген боларсыз. Биылғы жылдың 26 ​​сәуірі мен 6 желтоқсаны аралығында еліміздің ең үздік дәрігерлері  қатысуымен «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы» әлеуметтік жобасы іске асыуда. Алайда биыл дәрігерлердің қатарына медиаторлар, психологтар мен  заңгерлер де қосылды. Халыққа қажет мамандар ақысыз түрде көмек көрсетеді.  Тұтастай Қазақстанды аралап жүрген тегін медициналық көмек көрсететін пойыз біздің де ауданымызға табан тіреді. Бұл жоба Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен өтуде.

Халықтың әл-ауқатын жақсатыру үшін жасақталған жобаның негізгі мақсаты- ел аймақтарынан шалғай станцияларында тұратын азаматтарға тегін медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік (татуласу) көмек көрсету. Заңгер, психолог, медиатордың кәсіби қызметтері тегін және нәтижеге бағытталған. Бүгінде Исатай ауданы Исатай ауылына тұрақтаған аталмыш пойыз таңертеңгі сағат 9:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін  тұрғындарға сапалы қызмет көрсетеді. Екі күнге тұрақтаған жәрдем пойызы бұдан бөлек ауданымыздың Нарын, Аққыстау ауылдарына да ат басын бұрмақ. Ауыл тұрғындары  негізгі медициналық мамандықтардың білікті мамандарынан (терапевт, стоматолог, офтальмолог, ЛОР дәрігері, хирург, уролог, невропатолог, гинеколог) тегін тексеруден және емдеуден өте алады. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы заманауи диагностикалық және медициналық жабдықтармен (УДЗ, флюорография және т.б.), шағын операциялық бөлмемен, зертханамен, интернетке сымсыз қосылуға арналған байланыс құралдарымен жабдықталған. Аталмыш пойызды ауыл тұрғындары асыға күтіп, таңертеңімен станцияға келіп, ашылу салтанатына қатысты. Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан сөз алып, ауыл тұрғындарына  осы мүмкіндікті құр жібермей, шипалы ем алып,мамандардан нәтижелі көмек алуына тілектестігін білдірді. Дәрігерлерді бастап келген «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Игинбаеваның  айтуынша бұл жоба шалғай ауылдағы халық үшін үлкен қолдау, сондықтан тұрғындар барынша тегін медициналық көмек алса дейді.

 

  • Жалпы «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы әлеуметтік жоба болғандықтан халыққа тегін қызмет көрсетеді. Жобамыз 26 сәуір күні Алматы-2 станциясынан бастау алса, бүгін міне Атырау облысына да табан тіредік. Бұған дейін біз еліміздің бірнеше аймақтарынан жүріп өттік. Атап айтсақ, Алматы облысы, Жетісу  облысы, Абай,Ұлытау, Қарағанды, Қостанай, Ақмола және Маңғыстау облыстарында қабылдау жүргіздік. Жобамыз 6 желтоқсанға дейін өз жалғасын табады. Пойызда тек білікті де білімді, тәжірибеге бай мамандармен толыққан. Тұрғындардың  кез-келген сауалы бойынша толық жауап бере алады. Науқастар тексерістен өткеннен кейін барлық қорытындылар сол бойда қолдарына беріледі. Тұрғындардың келу қарқындылығы өте жақсы. Екі күннің ішінде көптеген науқастарды қабылдаудамыз. Ал, жас ерекшеліктеріне тоқталсам, үлкен де кіші де бірдей келуде,-дейді «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Игинбаева.

Тұрғындардың арасында алғашқы болып дәрігер маманға жүгінген ақсақалдың бірі Әліп Қайтақпаев. Ақсақалдың айтуынша аталмыш пойызға жұбайымен бірге келген. Мемлекеттің халық үшін жасаған қолдауынан қапы қалмау керек дейді.

 

  • Иә, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызынан бұрында да хабарымыз бар. Бүгін де әйеліммен бірге тексерістен өтуге келдік. Денсаулық зор байлық десек, уақытында ем қабылдап, темірді қызған кезінде соққан абзал. Шалғай ауылда тұратын болған соң қалаға бара беру де қомақты қаражатты талап ететіні сөзсіз, ал бұндай жобалар біз секілді қарттар үшін үлкен жақсылық деп білемін,-дейді қария.

Естеріңізге сала кетейік, пойызда бұдан бөлек кез келген азамат барлық мәселелерге қатысты құқықтық, психологиялық және медиативтік ең үздік кәсіби заңгерлерден, психологтардан, медиаторлардан тегін және толық көлемде қажетті көмек пен кеңес ала алады.  Оның ішіндегі азаматтық, жер, тұрғын үй, еңбек, банк, салық, отбасы-неке және басқа да көптеген мәселелер бойынша кеңестер көрсетіледі. Жоба аясында әлеуметтік жағынан мұктаж топтарға көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді, олар жалғызбасты аналар, көп балалы аналар, мүгедек және ауыр дертке шалдыққан балаларды тәрбиелеп отырған әйелдер, жұмыссыз жастар, мүгедек әйелдер, зейнеткерлер, студенттер, ажырасқандар және басқаларға медиация келісімін жасасуға және қиын қаржылық жағдайға тап болған азаматтарға өз мәселелерін және  шешу жолдарына көмек беріледі.

Сонымен қатар пойыз Нарын ауылында  07.09.23ж., сағат 21.43 – 09.09.23ж., сағат 20.59, Аққыстау ауылында 09.09.23ж., сағат 22.01 – 11.09.23ж., 21.05 болатынын ескертеміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521