САЛТ ДӘСТҮР - ТӘРБИЕНІҢ БАСТАМАСЫ

16 наурыз – мәдени мұраның маңыздылығына баса назар аударылатын мәдениет және ұлттық дәстүрлер күні. Бұл күн мәдениет пен дәстүрдің алуан түрлілігін сақтауға және құрметтеуге шақырады. Осы күнге орай ауданның орталық кітапханасы мен «Жалын» мәдениет үйі қызметкерлері бірлесіп, орталық кітапханада ауыл тұрғындарына арнайы дастархан жайды.

 Мақсаты – болашақ ұрпаққа қазақша салт-дәстүрлерімізді танымал етіп, одан әрі жалғасын таба беруіне ықпал ету. Қазақ халқы ежелден салт-дәстүрге ерекше қарап, әрбірін керек жерінде орындап, сақтап отырған. Салт-дәстүр тәрбиенің бастамасы десек те артық болмайды.

 Наурызда тағылымдық берері мол дәстүріміздің бірі – «Тұсау кесу» рәсімі ұйымдастырылды.

Бұл баланың өмірдегі жолы жеңіл және жарқын болуы үшін аяғындағы тұсауын кесу. Қазақтың осы көне дәстүрлерінің бірі бүгінгі күнге дейін сақталып келді. Бұл рәсім кішкентай балаға арналған және оны бала тез аяққа тұруы үшін жасайды. Әдетте, бұны бала алғаш тәй-тәйлай бастағанда жүзеге асырды. Қазақта ұл  баланың тұсауын жақсы аты ел аузында жүрген, қолға алған шаруасын нәтижелі атқаратын еті тірі еңбекқор азаматқа кескізеді. Бұл жерде қалау ата-ананың ықтиярында, көңілі түскен адамын оның қадір-қасиетіне қарай таңдап, тұсау кесіледі. Ал, сондай құрмет аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жансих Маштаховқа беріліп, ардагер аға бүлдіршінге «қадамын оң болсын!» деп ақ жол тіледі.

Тұсау кесу салтының мән- мағынасы жөнінде айтылып, ала жіппен сәбидің тұсауы кесіліп, қариялар ақ  батасын берді. Сондай-ақ, аудан өнерпаздары ән  айтып, күй де шертілді.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521