Қазіргі заман – қарқынды даму мен түбегейлі өзгерістер дәуірі. Әсіресе жас буын жаңа технологиялар мен жасанды интеллект сияқты тың салаларға тез бейімделіп, қоғамның қозғаушы күшіне айналып келеді. Бұл — еліміздің болашағы үшін зор мүмкіндік.
Хакім Абайдың «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген сөзі бүгінгі күні де өзекті. Мектеп – сол «жақсы ұстаздың» ордасы. Сондықтан біз ұрпақ тәрбиесінде тек білім беріп қана қоймай, олардың саналы, ізгі қасиеттерін қалыптастыруға күш салуымыз керек.
Мемлекет басшысының «Өркениетті әрі озық елдің заңы – әділ, билігі – білікті, ал азаматтары саналы және белсенді болары хақ» деген тұжырымы әрбір ұстазға да, әрбір оқушыға да бағытталған үндеу іспетті. Себебі әділдік пен білімге негізделген қоғамды тек ойлы, жауапкершілігі жоғары жастар ғана қалыптастыра алады.
Сондықтан біз, ұстаздар қауымы, оқушылардың заманауи білім мен ұлттық құндылықты ұштастыра отырып, өмірде өз орнын табуға, ел дамуына үлес қосатын азамат болып қалыптасуына жағдай жасауымыз қажет. Бұл – елдің жарқын болашағына қосқан ең үлкен үлесіміз болмақ.
Жасұлан Алипов,
Ж. Мырзағалиев атындағы орта мектептің директоры