Саясатта да, экономикада да реформалар жалғасуда

 

Президентіміз Қ.Тоқаевтың 8 қыркүйектегі халыққа Жолдауын теледидардан көрмегеніммен, әлеуметтік желіде жарияланған басты тезистерімен таныстым. Көтерілген мәселелер ауқымды, ұсыныстары да маңызды екен.

Алдымен айтарым – Сенатты таратып, бір палаталы Парламентке айналдыру ұсынысы. Бұл жөнінде мен ширек ғасырдан бері баспасөзде жазып, реті келген жиналыстарда айтып жүргенмін. Дұрыс мәселе. Өйткені Қазақстан – унитарлы мемлекет. Яғни, бізде федерация жоқ. Мәселен, Өзбекстанда болуы мүмкін, себебі оның құрамында Қарақалпақстан бар. Ал бізде Сенатты таратуды 2027 жылға дейін созып, референдум өткізу артық. Әуелде ол референдумсыз құрылған еді. Сондықтан оны осы жылдың соңына дейін таратып, келесі жылы Мәжіліске жаңадан сайлау өткізуге әбден болады. Бұрынғы Сенат депутаттарына да Мәжіліс сайлауына қатысуға мүмкіндік беру қажет. Ал сайлау жүйесі аралас болуы тиіс: 50 пайызы партиялық тізіммен, 50 пайызы бір мандатты округтерден.

«Жыл сайын мыңдаған инженер, құрылысшы және ауыл шаруашылығы мамандығын алған жастар жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, өз саласы бойынша жұмыс істемей, басқа кәсіппен айналысуға мәжбүр» – делінеді Жолдауда. Себеп айқын: мамандығына сай жұмыс орындары жетіспейді. Сондықтан оқу орындарында мамандарды сұранысқа сай, нақты есеппен даярлаған жөн.
Қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығының қажетіне жедел пайдалану – өте дұрыс қадам. Президенттің «Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл салада реформа жүргізіліп жатыр. Қомақты қаражат бөлінуде» деген сөзі орынды. Бірақ мәселе – бөлінген қаржының қайтарымында. Шын мәнінде ауыл шаруашылығы қазір тұралап тұр. Тәуелсіздік алғаннан бері кеңшарларды тараттық, шаруа қожалықтарын құрдық. Бірақ соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы өркендеп кетті ме? Жоқ. Реформа қажет.

Ауыл тұрғыны ретінде бұл мәселеге бей-жай қарай алмаймын. Депутат (аудандық мәслихат) болып жүргенімде де, баспасөз бетінде де ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі ұсыныстарымды айтқан едім. Әлі күнге дейін сол пікірдемін: ауылда мемлекеттік шаруашылық құру қажет. Өйткені ауылда тұрақты шаруашылық болмаған соң, жұмыс жасындағы азаматтарға да жұмыс табылмайды. Соның салдарынан әсіресе солтүстік облыстарда көптеген ауылдар қаңырап бос қалды. Бұл – ойланарлық жағдай. Шешімді шара керек, яғни нақты реформа қажет.

Президенттің «Әділетті Қазақстан құру процесін енді ешкім тоқтата алмайды» деген сөзі көңілге үміт ұялатады. Өмір бойы әділдік үшін күресіп келе жатқан адам ретінде айтарым: ол үшін ең алдымен әділ сайлау өткізілуі тиіс. Қазір халық арасында сайлаудың әділдігіне күмәнданушылар басым. Егер сайлау шынайы әрі әділ өтсе, қабілетті, рухы биік, ұлтжанды азаматтар ел басқару ісіне араласады. Сонда ғана еліміз өркендеп, Әділетті Қазақстанға жол ашылады.

 

Ибатолла СӘТЕНҰЛЫ, 
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Х.Ерғалиев ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT