«Сексен жыл серігім болған газет қой» - дейді ең қарт оқырман

 

Қазақ – үлкенін қадірлеп, ақылын алған, құрметін қылған халық. Шүкір, бұл осы күнге дейін жеткен ұлтымыздың бойындағы ұлық қасиеттердің бірі десек болады. Ең қарт оқырмандардың бірімен жүздесіп, басылым жайлы ойын білгіміз келгенде осы жылдың алғашқы күні торқалы тоқсан жасына толған аққыстаулық Әміров Сыдих ақсақалға арнайылап баруға тоқталғанымыз да содан. 

Осы тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатында бұқаралық ақпарат құралдарына, оның ішінде дәстүрлі баспасөзге айрықша мән беруі уақыт талабынан туындаған маңызды ұстаным екенін де ойда ұстағанбыз. Мемлекет басшысының газеттерді қоғамның айнасы, ұлттық ой мен сана қалыптастыратын рухани алаң ретінде бағалауы – отандық журналистикаға көрсетілген зор қолдау. Президенттің баспасөзге қатысты айтқан ойлары журналистер қауымына үлкен серпін беріп, оқырман мен газет арасындағы сенімді одан әрі нығайта түсері анық. Дәстүрлі газеттер заман талабына сай жаңарып, мазмұн мен сапаға басымдық берген жағдайда қоғамдағы өз орнын ешқашан жоғалтпасы кәміл.

Алдын ала хабарласып, қарттың қазір үйінде, жағдайы, көңіл-күйі жақсы екенін біліп алғанбыз. Аққыстау ауылының Өркен елді мекенінің ежелгі тұрғыны да саналатын сол Сыдих ағаның үйіне әп-сәтте жетіп бардық. Есік алдынан қолындағы кенже ұлы Сәндібек қарсылап, ішке бастады.

Айтса-айтқандай, ақсақал жақсы көңіл-күйде отыр екен. Қасында жұбайы Қарлығаш апа мен немересі Нұртілеу. Амандық-саулықтан соң-ақ ардагер ақсақал әңгіменің тиегін ағытқан. Арасында арнайылап келгенімізге ризашылығы мен қуанышын да білдіріп жатыр. Әңгіме газет жайына ауысқанда өзінің денсаулығы сыр беріп, үйден ұзап шықпағалы 17 жылдың жүзі болғанын, көзі көрмесе де газетті кейде жолдасына, кейде немерелеріне оқытып, тыңдап отыратынын білдік.  

– Соғыстың ауыртпалығының шетін біз де көрдік. Соғыстан кейін де тұрмыс ауыр еді. Көп оқи алмадым. 1956 жылы 7-сыныпты бітіріп, жұмысқа араласып кеттім,-деген ағаның айтуынша, мектептің соңғы жылдарында «Малшылар үні», кейін «Малды өңір» газеттерін оқыпты. Жетіншіден соң бірден жұмысқа тұрып, трактористік мамандық та алған.

 

 

– 1957 жылы совхоз құрылды. Содан таңның атысы, күннің батысы шаруасы бір таусылмайтын шаруашылыққа жұмысқа кірістік. Осында өмір бойына механизатор болдым. Совхозда біз араласпаған сала жоқ. Трактормен пішен де шаптық, қыстақ орындарындағы қора бастарына үйдік, цистерна тіркеп, су да тасыдық, бәрін жасадық. Сол уақыттағы пішен дайындау науқаны кездерінде алғашқыда аудандық «Малды өңір», кейін «Нарын таңы» газетінде, сол кезде қазіргі облыстық «Атырау» газеті «Коммунистік еңбек» аталады, сол газетте де суретімізбен шығып тұратынбыз. Газеттердің  алғашқы беттерінің бір бұрышында «Жасыл орақ» дейтін айдар болатын, онда озық көрінген трактор бригадалары туралы айтылатын, соған шығып та жүрген кезіміз болды. Жұртшылық біздің еңбегімізді сол газеттер арқылы біліп жатты ғой,-дейді ақсақал риза кейіппен.

Аудандық газеттің «Малшылар үні», «Малды өңір» болған кездерін де көрген қарттың аудандық, облыстық басылымдар туралы «бала кезімнен, қара жүргізе бастаған сәтімнен бері сексен жыл серігім болған газет қой» деген сөзі бізді бір көтеріп тастағандай еді. «Соның ішінде аудандық газет тонның ішкі бауындай» деп тағы бір қайырып қойды әңгімесін.

– Қазір де аудандық газетті алып тұрамыз. Көз көрмейді. Балалар, көбінесе Нұртілеу немерем оқып береді. Мұның да сабақтан қолы тие бермейді. Қолдары боста, демалыс күндері оқытам. Қазір ауданның бүкіл жаңалықтарын осы «Нарын таңынан» біліп отырмын,-дейді ақсақал.

Ардагер ақсақал газетте еңбек, еңбек адамдары туралы көбірек жазылғанын да құп көреді екен. «Адамды асырайтын сол адал еңбегі ғана ғой» деп бір қойды ол. Тәрбие мәселесін де ұмыт қылмауды теріс көрмейді екен. –Бұрынғы бір кездері солар газетте көп жазылатын, ол әруақытта жазылып отыруы керек тақырыптар ғой,-деген ардагердің пікіріне біз де іштей қосылып отырдық.

Өзімен сұхбат құра сырласып отырған менің зейнет жасына жеткенімнен де хабардар болып қалған қарт «мені ең қарт ардагер деп отырсыңдар, сені ең жас ардагер десем болады екен ғой» деп те бәрімізді бір күлдіріп алып, газеттің алдағы уақытта шыға беруіне, оқырманы көп болуына тілеулестігін де білдіріп қоштасты. Біз де ең қарт оқырманымыздың осылай аман-сау отыруына тілеулестігімізді жеткіздік. Қарттың «Көңілдерің тоқ болсын, оқырмандарың көп болсын, жаманшылық жоқ болсын» деген бата тілегін де көңілге түйе шықтық. 

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT