Сыбайлас жемқорлық – кез келген қоғамның даму қарқынын тежейтін, елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығына кері әсер ететін аса қауіпті әлеуметтік құбылыс. Бұл – азаматтардың мемлекетті басқару ісіне деген сенімін әлсіретіп, қоғамда әділетсіздік пен бейқамдықты қалыптастыратын дерт.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес еліміздің жарқын болашағы үшін маңызды қадам екенін үнемі атап келеді. Сондықтан бұл мәселеге тек республикалық немесе облыстық деңгейде емес, ауылдық деңгейде де үлкен жауапкершілікпен қарап, алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Зинеден ауылдық округі әкімдігі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған нақты шараларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Әкімдік жұмысының басты қағидаттары – ашықтық, әділдік және халықпен тығыз кері байланыс орнату. Қабылданатын әрбір шешім заң аясында, түсінікті әрі жариялы болуы негізгі ұстанымға айналған.
Мемлекеттік қызметкер – халық пен билік арасындағы сенім көпірі. Ол өз жұмысы арқылы елге адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп, қоғамда оң көзқарас қалыптастыруы тиіс. Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бұл – әрбір азаматтың адамдық әрі азаматтық парызы. Егер әр тұрғын заңдылықты сақтап, парақорлыққа қарсы берік ұстанымда болса, елімізде әділдік пен тәртіптің орнығуына нақты үлес қосары анық.
Аталған бағытта жастармен жұмыстың маңызы ерекше. Адал еңбекке баулу, жауапкершілікке тәрбиелеу – ертеңгі жемқорлықсыз қоғамның негізі. Мектеп оқушылары мен студенттер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру қолға алынған. Бұл – болашақ ұрпақтың санасына әділдік пен адалдық ұғымын сіңірудің нақты жолы.
Бүгінде Зинеден ауылында ашықтық пен әділет салтанат құруда. Ауыл тұрғындарының мемлекеттік құрылымдарға деген сенімі артып, бірлесе атқарылған іс өз нәтижесін беріп келеді.
Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам – бұл қиял емес, нақты әрекет пен жауапкершіліктің нәтижесінде қол жеткізуге болатын мақсат. Осы жолда ауыл тұрғындарының бірлігі мен белсенділігі – басты күш. Адал еңбек, ашық қоғам – ортақ мүддеміз.
Айгүл АДИЛОВА,
Зинеден ауылдық округі әкімі

